🔔 «AMANAT»: Республикалық мобильді қабылдау тобы Маңғыстау тұрғындарын тыңдады
«AMANAT» партиясының республикалық мобильді қоғамдық қабылдау тобы Маңғыстау облысына іссапармен келді. Сапар аясында топ мүшелері Түпқараған ауданына қарасты Форт-Шевченко қаласы мен Таушық ауылында болып, тұрғындардың өзекті мәселелері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
🔹Көшпелі қабылдауға «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхаммед Жұмабек, консультант Сағындық Жылқыбаев, партияның облыстық филиал төрағасы Нұрбек Қарасаев, облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Мадияр Қалиасқаров, сондай-ақ бірқатар басқарма басшылары қатысты.
Қабылдауға 50-ге жуық аудан тұрғыны қатысып, өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауыз су тапшылығы, ауданішілік автомобиль жолдарының жай-күйі, балалар ойын алаңдарының жетіспеушілігі, қоғамдық көлік қатынасы, несие және қаңғыбас иттер мәселесі сөз болды.
🚌 Аудан тұрғыны Ләйла Асқар Ақтау қаласынан Түпқараған ауданына қатынайтын автобус бағытына қатысты мәселені көтерді. Оның айтуынша, қоғамдық көлік қазіргі таңда Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарына кірмей, жаңадан салынған жол арқылы тікелей аудан орталығына қатынауда.
✅ – Мұғалім ретінде Форт-Шевченко қаласына жиі қатынаймын. Бұрын аудан орталығына автобуспен еш қиындықсыз жететін едік. Қазір бағыт өзгеріп, автобус ауылдарға соқпайтын болды. Соның салдарынан тұрғындар алдымен Ақтауға барып, кейін қайта автобусқа отыруға мәжбүр. Бұл уақытты да, қаржыны да талап етеді, – деді ол.
Бұл мәселеге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмірбек Сағындықов жауап беріп, тұрғындардың ұсынысы бір ай ішінде шешімін табатынын жеткізді. Оның айтуынша, алдағы уақытта Ақтаудан қатынайтын автобус таңертең және кешкі уақытта ауыл ішіне кіріп, жолаушыларды тасымалдайды.
♦️ Сонымен қатар, тұрғындар жолдарды асфальттау мәселесін де көтерді. Әсіресе, жауын-шашын кезінде жол жүруге қолайсыз болатынын атап өтті.
Өз кезегінде Түпқараған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұхаммед Ғибрат бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынғанын айтты.
✅ – Қазіргі таңда ауданішілік жолдарды асфальттау жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме анықталды. Алдағы екі жыл ішінде 10 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл бірінші кезекте ең маңызды жолдар асфальтталады. Ал кейбір көшелерде асфальт төсеуге дейінгі дайындық жұмыстары атқарылады, – деді ол.
«AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхаммед Жұмабек тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
✅ – Жергілікті деңгейде шешілетін мәселелер хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Ал республикалық деңгейдегі түйткілдер орталық қоғамдық қабылдау бөлмесінде қаралып, тиісті шаралар қабылданады. Жалпы, биыл бес айда республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне 42 мыңнан астам өтініш түсті. Оның 60 пайызы оң шешімін тапты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады, – деді Ермұхаммед Жұмабек.
Айта кетейік, республикалық мобильді қоғамдық қабылдау тобының жұмысы ертең Маңғыстау ауданында жалғасады. Топ мүшелері Ұштаған және Онды ауылдарына барып, жергілікті тұрғындарды қабылдайды.
#мобильдіқоғамдыққабылдау
Amanat партиясы Маңғыстау облыстық филиалы
AMANAT партиясының Маңғыстау облыстық филиалы
02/06/2026
🔔 №3 орталықтағы резонанстық жағдайға байланысты комиссия құрылды
«AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Пания Сармурзина және бала құқығы жөніндегі уәкіл Тілектес Болатбаева №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына арнайы барып, тәрбиеленуші балаларды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.
Іс-шара барысында орталықтағы тәрбиеленушілерге мерекелік көңіл-күй сыйланып, оларға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, әлеуметтік желіде қоғам назарын аудартқан орталықтағы жағдайға байланысты Пания Сармурзина мен Тілектес Болатбаева мән-жайды зерделеп, мекеме қызметкерлерімен, тәрбиешілермен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында болған оқиға жан-жақты талқыланып, балаларға көрсетілетін қызмет сапасы мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
Пания Сармурзинаның айтуынша, аталған жағдайға байланысты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан арнайы комиссия құрылды. Қазіргі таңда орталық қызметіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Комиссия қорытындысы шыққаннан кейін орталық басшылығы мен жауапты қызметкерлердің әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қабылданады.
Сондай-ақ, депутат балалардың қауіпсіздігі мен олардың құқығын қорғау – басты басымдықтардың бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
01/06/2026
🔔 «AMANAT» партиясы: Әйелдер қанаты балаларға қуаныш сыйлады
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының мүшелері, сондай-ақ облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өкілдері өңірдегі балаларды мерекемен құттықтады.
Мерекелік іс-шара аясында алдымен Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына арнайы барып, ем қабылдап жатқан бүлдіршіндерге сый-сияпат табысталып, жылы лебіз айтылды. Содан кейін «Ұрпақ» түзету орталығына және облыстық отбасылық типтегі балалар ауылына барып, ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға қуаныш сыйлады.
Іс-шара барысында партияның «Балаңа уақыт арна» акциясы аясында Әйелдер қанатының жетекшісі Пания Сармурзина ата-аналарды бала тәрбиесіне ерекше мән беруге шақырды.
✅ – «Баланың бақытты әрі қауіпсіз өсуі – әрбір ата-ананың басты міндеті. Қазіргі қарбалас заманда балаға уақыт бөліп, оның жан дүниесін түсіну, қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды. Саналы, дені сау ұрпақ тәрбиелеу – қоғам алдындағы ортақ жауапкершілігіміз», – деді Пания Сармурзина.
Сондай-ақ облыстағы бала құқығы жөніндегі уәкіл, «AMANAT» партиясының мүшесі Тілектес Болатбаева баланың дамуы мен тәрбиесіне бар күш-жігерін салып жүрген ата-аналар мен күнделікті балалармен жұмыс істейтін дәрігерлерге, педагогтар мен мамандарға алғыс білдірді.
Өз кезегінде Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының директоры Жанар Досжанова көрсетілген қолдау мен ықылас үшін облыстық мәслихат депутаттарына және партия белсенділеріне ризашылығын жеткізді.
✅ – «Балаларға көңіл бөліп, оларға қуаныш сыйлау – үлкен игі іс. Осындай бастамалар балалардың көңіл күйін көтеріп қана қоймай, олардың тез сауығып кетуіне де оң әсер етеді», – деді ол.
Айта кетейік, мұндай игі іс-шаралар өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсетіп, қоғамда мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын нығайтуға бағытталған.
29/05/2026
«AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының «Шексіз мүмкіндіктер» қосалқы жобасы аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 9–11-сынып оқушыларын қолдауға бағытталған маңызды кездесу өтті.
Жиынның басты мақсаты – мектеп бітіруші ерекше балаларға кәсіби бағдар беру, олардың болашақ мамандықты саналы таңдауына көмектесу және білім алу жолындағы мүмкіндіктерді кеңінен түсіндіру.
Биыл облыс бойынша 137 ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушы оқу жылын аяқтап отыр. Осыған орай ұйымдастырылған кездесуде облыстық мәслихат депутаты, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Пания Сармурзина бастаған топ ата-аналармен ашық диалог алаңын құрды.
Кездесу барысында қатысушыларға жоғары және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарына түсу мүмкіндіктері, мемлекеттік гранттар, инклюзивті білім беру бағдарламалары, сондай-ақ ерекше балаларға қарастырылған жеңілдіктер мен қолдау тетіктері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат беріліп, әр баланың жеке қабілеті мен қызығушылығына сай бағыт таңдаудың маңыздылығы айтылды.
Ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Шексіз мүмкіндіктер» жобасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
23/05/2026
📣 МАҢҒЫСТАУДА САЯСИ ОҚЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІ АЯҚТАЛДЫ
Маңғыстау облысында «AMANAT» партиясы жанындағы Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырған үш кезеңдік білім беру бағдарламасының алғашқы кезеңі аяқталды.
Үш күнге созылған семинарға әр деңгейдегі мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері, партия қызметкерлері мен бастауыш партия ұйымының өкілдері, жалпы 135 адам қатысты. Қатысушылар мемлекеттік басқару мен саяси процестердің заманауи тәсілдерін меңгеріп, өңірлік дамуға қатысты өзекті тақырыптарды талқылады.
Оқу барысында көшбасшылық қабілетті дамыту, тиімді коммуникация орнату, салық-бюджет саясатын түсіну, сондай-ақ сайлау науқандарын ұйымдастыру тетіктері қамтылды. Теориялық білім практикалық тапсырмалармен ұштасып, қатысушылар нақты дағдысын жетілдіруге мүмкіндік алды.
Бағдарлама соңында тыңдаушылар тестілеуден өтіп, білім деңгейін сарапқа салды. Ал келесі кезеңде қатысушылар өңірге бағытталған жобаларын ұсынып, оларды іске асыру жолдарын пысықтайды.
Оқудың барлық кезеңінен табысты өткендерге арнайы сертификат беріледі. Бұл бастама өңірдегі саяси кадрлардың сапасын арттырып, тиімді басқару мәдениетін қалыптастыруға ықпал етпек.
📣 Маңғыстауда «AMANAT» партиясының үш күндік оқу семинары басталды
Маңғыстау облысында «AMANAT» партиясы жанындағы Саяси менеджмент академиясының ұйымдастыруымен модульдік оқу басталды. Жергілікті жерлерде кәсіби әрі тиімді басқарушы буынды қалыптастыру мақсатында өтіп жатқан модульдік оқуға 135 адам қатысып жатыр. Олардың қатарында облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, бастауыш партия ұйымдары, сондай-ақ «AMANAT» партиясының облыстық және аудандық филиал қызметкерлері бар.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Саяси жұмыс департаменті директорының орынбасары Гүлнар Нурахметханова, «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Бюджеттік жоспарлау департаменті директорының орынбасары Динара Торина, «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясының штаттан тыс тренері Лаура Байдильданова, «Тұран-Астана» университетінің доценті, философия докторы Гаухар Жұмабекова, Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлы, Назарбаев зияткерлік мектебі Педагогикалық шеберлік орталығының жаттықтырушысы Жанна Мыңбаева қатысты.
Модульдік оқытудың ашылу салтанатында Гүлнар Нурахметханова «AMANAT» партиясы кадрлық әлеуетті арттыру және мемлекеттік басқару сапасын жақсарту мақсатында модульдік оқыту бағдарламасы әзірленгенін ерекше атап өтті. Аталған бағдарлама тек теориялық білім берумен шектелмей, практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған.
✅ «Бағдарлама аясында қатысушылар жергілікті деңгейде заманауи талаптарға жауап беруді, нәтижеге бағытталған тиімді коммуникацияны құруды, әлеуметтік жобаларды басқарып, оны іске асыруға арналған дағдыларды меңгереді. Бұл өз кезегінде кадрлардың кәсіби деңгейін көтеріп қана қоймай, өңірлердегі басқару сапасын арттыруға, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді», - дейді Гүлнар Нурахметханова.
Бүгінде мемлекеттік басқару жүйесіне тек тәжірибе ғана емес, сонымен қатар жүйелі ойлау, тиімді шешім қабылдау және қоғаммен ашық байланыс орната білу қабілеті қажет. Бұл ретте «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев модульдік оқыту осы талаптарға толық жауап беретінін атап өтті.
✅ «Мемлекет басшысы айқындап берген реформалардың сапалы орындалуы ең алдымен білікті, жауапкершілігі жоғары кадрларға тікелей байланысты. Модульдік оқыту арқылы біз теория мен тәжірибені ұштастырып, жергілікті жердегі басқару сапасын арттыруға басымдық беріп отырмыз. Осы семинарға қатысып жатқан ауыл әкімдерінің, депутаттарымыздың және партия қызметкерлерінің алған білімі алдағы уақытты тиімді жұмыс істеуге негіз болады деген сенімдемін», – деді облыстық филиалдың төрағасы Нұрбек Қарасаев.
Айта кетейік, оқу семинары үш күнге жоспарланып отыр. Қатысушылар нақты көрсеткіштерге (KPI) негізделген жеке жобаларын әзірлейді. Бұл жергілікті деңгейде нақты мәселелерді қарастырып, шешім қабылдау сапасын арттыруға, әрекет етуге және басқару тиімділігін күшейтуге септігін тигізеді.
🔔 Ақтауда самбодан Азия және Океания чемпионаты өтіп жатыр
18 мамыр күні Ақтау қаласында самбодан жасөспірімдер арасындағы Азия және Океания чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Дүбірлі додаға 14 мемлекеттен 500-ден астам спортшы қатысып жатыр. Соның ішінде Маңғыстау облысы атынан 36 спортшы ел намысын қорғауда.
Чемпионаттың ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, «AMANAT партиясы» Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев, сондай-ақ облыстық спорт басқармасына қарасты мекеме басшылары мен өзге де құрметті қонақтар қатысты.
Өз кезегінде партия филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жатқан жарыстың жоғары дәрежеде өтіп жатқанын атап өтіп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Аталған чемпионат жасөспірімдер арасындағы самбо спортын дамытуға, халықаралық тәжірибе алмасуға және өңір спортшыларының шеберлігін шыңдауға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай ауқымды жарыстар Ақтау қаласының халықаралық спорт аренасындағы беделін арттырып, өңірдің туристік тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді.
Жарыс бірнеше күнге жалғасып, қатысушылар әртүрлі салмақ дәрежелері бойынша өзара мықтыны анықтайды. Чемпионат қорытындысы бойынша үздік спортшыларға арнайы марапаттар табысталады.
🔔 Депутаттар Емір ауылы тұрғындарының талап-тілегіне құлақ түрді
16 мамыр күні Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаттары Киікбай Ешманов пен Раушан Аймұрзаева, сондай-ақ Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Серікқали Қанапин Емір ауылының тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің жай-күйімен танысты.
Кездесу барысында халық тарапынан ауылдың әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелері кеңінен көтерілді. Атап айтқанда, табиғи газдың жоқтығы, жол сапасының төмендігі және ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы түйткілдер сөз болды.
✅ Ауыл белсендісі Ескендір Сардарбековтың айтуынша, Емір ауылын газбен қамту мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Алайда бүгінгі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Соның салдарынан кейбір тұрғындар тұрақты жағдай іздеп, ауылдан көшуге мәжбүр болып отыр. Сонымен қатар Баянды елді мекенінен Емір ауылына дейінгі жолды ретке келтіріп, грейдер төсеу қажеттілігі де тұрғындар тарапынан көтерілді.
♦️Өз кезегінде халық қалаулылары тұрғындардың көтерген мәселелеріне құлақ түріп, әрбір ұсынысты назарға алатынын жеткізді. Депутаттардың айтуынша, «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық фракциясы тарапынан Емір ауылын газбен қамту мәселесі қолдау тапқан. Бүгінде облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қолдауымен тиісті басқармалар тарапынан қаржыландыру тетіктері қарастырылып жатыр.
Айта кету керек, инфрақұрылымдық мәселелердің шешілуі ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Газбен қамту, жол және жарықтандыру жүйелерін жақсарту – тұрғындардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығының, оның ішінде түйе шаруашылығының дамуына да серпін береді.
🔹Сонымен қатар тұрғындар туризм саласын дамытуға да қызығушылық танытып отыр. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп, мемлекеттік қолдау тетіктерін қарастыру қажеттігі айтылды.
Сапар соңында депутаттар көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешілуін бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Click here to claim your Sponsored Listing.
Location
Category
Telephone
Website
Address
Aktau
130000
Opening Hours
| Monday | 09:00 - 18:30 |
| Tuesday | 09:00 - 18:30 |
| Wednesday | 09:00 - 18:30 |
| Thursday | 09:00 - 18:30 |
| Friday | 09:00 - 18:30 |
