06/04/2026
8 сәуір, сағат 11.00-де Диссертациялар залында «Диссертациялық жұмыстарды жасанды интеллекті қолдану арқылы рәсімдеу ерекшеліктері»тақырыбында семинар өтеді.
Спикер – техника ғылымдарының докторы, профессор Мұқанов Аманкелді Қалкенұлы.
Семинар аясында диссертация жазуға қойылатын заманауи талаптар, ғылыми жұмыстарды дайындауда жасанды интеллектіні пайдалану мүмкіндіктері мен оны пайдаланудың этикалық аспектілері қарастырылады.
06/04/2026
2026 жылғы 10 сәуір, сағат 11:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында заңғар ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтеді. Аталған шара Евразиялық мәдениет қоры мен ЮНЕСКО аясындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының бірлесе ұйымдастыруымен өткізіледі.
Шара аясында «Ұлт игілігі – Национальное достояние» атты әдеби көрме, ақынның жаңа «Поэмалар кітабының» таныстырылымы және режиссер Игорь Гонопольскийдің Олжас Сүлейменовтің өмірі мен шығармашылық жолына арналған «Людям я не лгал…» атты деректі фильмінің көрсетілімі өтеді.
20/03/2026
Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Қазақ-Америка Университеті арасында өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған меморандумға қол қойылды. Аталған кездесуге екі ұйымның басшылары қатысып, алғашқы ресми кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастық аясында жүзеге асырылатын бірқатар жобаларды талқылады. Арнайы назар:кітапхана қызметін цифрландыру және инновациялық жобаларды енгізу, жастардың білім және кәсіби әлеуетін дамыту, ғылыми-зерттеу және мәдени шараларды бірлесіп ұйымдастыру, кәсіби тәжірибе алмасу және тренингтер өткізу.
Қол қойылған меморандум екіжақты әріптестікті жүйелі түрде дамытуға және ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл келісім білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны біріктіретін стратегиялық қадам болып табылады.
20/03/2026
Бүгін Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген кітапханашысы, тарих ғылымдарының кандидаты Нәзира Қожахметқызы Дәулетованың туғанына 100 жыл.
Нәзира Дәулетова саналы ғұмырының 40 жылын Ұлттық кітапхананың дамуына арнап, 1963–1987 жылдар аралығында кітапхана директоры қызметін атқарды. Қайраткердің басшылығы кезеңіндегі ең елеулі жетістіктердің бірі – қазіргі Абай даңғылындағы кітапхана ғимаратының салынуына тікелей мұрындық болуы. Осы мақсатта Н.Дәулетова мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болып, кітапхана құрылысының стратегиялық маңыздылығын кәсіби деңгейде дәлелдеп шықты. Нәтижесінде 1971 жылы 1 маусымда пайдалануға берілген жаңа ғимарат әлемдік стандарттарға сай жабдықталып, республиканың басты руханият ордасына айналды. Н. Дәулетованың бастамасымен кітапхананың ғылыми кеңесіне Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев сынды зиялы қауым өкілдері тартылып, мекеме жұмысы сапалы жаңа деңгейге көтерілді.
Ғалым-педагог ретінде Қазақстандағы кітапхана ісінің тарихы мен дамуын зерттеген тұңғыш қазақ қызы болды. Оның қаламынан 50-ден астам ғылыми мақала мен 4 іргелі монография жарық көрді. Кітапхана саласындағы қажырлы еңбегі үшін Нәзира Қожахметқызы «Ленин» орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Бүгінде тұлғаның есімін жадымызда қалдыру мақсатында Ұлттық кітапхананың конференция залына қайраткер есімі берілді.
Осы айтулы мерейтой аясында мамыр айында «Нәзира Дәулетова және жасанды интеллектің дамуындағы кітапхана ісі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі.
Сонымен қатар кітапханада ғалымның өмірі мен қызметіне арналған ауқымды кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Н. Дәулетованың мақалалары, диссертациялық еңбегі, кітапхана басшысы болған кезеңдегі бұйрықтар мен қаулылар, фотоальбомдар, сондай-ақ халықаралық жиындардағы сирек суреттері қойылып, оның бай ғылыми мұрасы кеңінен насихатталуда.
21/02/2026
Ұлттық кітапханада «Кітапхана жүйесіндегі цифрлық трансформация: Қазақстан кітапханаларының Smart технологиясы» тақырыбында екі күндік семинар-тренинг өтті.
Семинардың ресми ашылуына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Али қатысып, кітапхана саласын цифрлық жаңғыртудың стратегиялық маңызын атап өтті. Мемлекет басшысың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауына орай, кітапханаларда жасанды интеллектті тиімді пайдалану ерекше өзектілік алды.
Іс-шара Қазақстан кітапханаларының цифрлық дамуын жеделдету, заманауи технологияларды тиімді қолдану және кітапхана қызметінің сапасын арттыру мақсатын көздейді.
Семинар-тренингке республикалық және облыстық кітапханалардың мамандары және ақпараттық технологиялар саласының өкілдері қатысты.
16/02/2026
19–20-ақпан күндері Ұлттық кітапханада «Кітапхана жүйесіндегі цифрлық трансформация: Қазақстан кітапханаларының Smart технологиясы» тақырыбында семинар-тренинг өтеді.
Семинар-тренинг кітапхана саласындағы заманауи үрдістерді кәсіби тұрғыдан талқылауға және тәжірибе алмасуға бағытталған. Қатысушылар толықмәтінді құжаттармен жұмыс істеу, кеңейтілген іздеу жүйелерін тиімді пайдалану, каталогтау үдерісін жетілдіру, зияткерлік іздеу жүйелерін енгізу бағыттары бойынша практикалық білім алады.
Шара аясында генеративті жасанды интеллектіні кітапхана қызметіне ғылыми негізде енгізу, цифрлық этика қағидаттарын сақтау, авторлық құқық талаптарын ескеру, сондай-ақ басылымдарды халықаралық сәйкестендіру жүйелері (ISBN, ISSN, ISMN) бойынша рәсімдеудің өзекті мәселелері қарастырылады.
Семинар ІТ саласы мамандарының, кітапхана қызметкерлері мен академиялық орта өкілдерінің кәсіби диалог алаңына айналмақ. Іс-шара Қазақстан кітапханаларының болашақ даму бағытын айқындауға, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға және кітапханалардың қоғамдық миссиясын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.
12/02/2026
Бүгін Ұлттық кітапханада Ғылыми кеңестің ұйымдастыруымен «Конституциялық реформаның мемлекет дамуындағы рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиын барысында Ата Заңның жаңа жобасындағы негізгі өзгерістер жан-жақты талқыланды. Қатысушылар конституциялық реформаның қоғам дамуына ықпалы мен құқықтық мәдениетті нығайтудағы маңызына тоқталып, өзара пікір алмасты.
Сонымен қатар ғылым мен білімді дамыту, мәдениет пен руханият салаларын ілгерілетудің басым бағыттарына айрықша назар аударылды. Кітапхана ісін жаңғырту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау, цифрлық ресурстарды оңтайландыру мәселелері де кеңінен сөз болды.
Іс-шараға Ғылыми кеңес мүшелері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы және кітапхана мамандары қатысты.
07/02/2026
Ұлттық кітапханада Қазақстан Кітапханалар Одағының ұйымдастыруымен «Конституциялық реформа: қоғам дамуының негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасындағы негізгі өзгерістер жан-жақты талқыланып, Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда айтылған руханият мәселелері мен кітапхана ісі саласын дамытудың басым бағыттарына ерекше назар аударылды.
Дөңгелек үстелге республикалық, қалалық және облыстық кітапханалардың, сондай-ақ білім беру және мәдениет саласы ұйымдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар конституциялық реформаның қоғам дамуына ықпалы, кітапханалардың мәдениет пен руханиятты, құқықтық сананы қалыптастырудағы маңызы жөнінде пікір алмасып, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Іс-шара кәсіби тәжірибе алмасуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және кітапханалардың қоғамдық әрі рухани үдерістердегі рөлін айқындауға бағытталған мазмұнды диалог алаңына айналды.
05/02/2026
Бүгін Ұлттық кітапханаға Францияның Алматыдағы Бас консулы Максим Жеренже келді.
Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылап, алдағы уақытта меморандумға қол қою туралы бастаманы көтерді.
Сондай-ақ кітапханада Франция кітап бұрышын ашу, оның аясында бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыру, Ұлттық кітапхананың сирек қорында сақталған француз тіліндегі кітаптардың каталогын жасау мәселелері көтерілді.
Аталған бастамалар екі ел арасындағы мәдени және зияткерлік байланысты нығайтып, оқырмандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға жол ашады.
04/02/2026
2025 жылғы есеп бойынша ҚР Ұлттық кітапхана қоры 53 843 дана жаңа құжатпен толықты.