03/06/2026
⚡️Мемлекет басшысы: «Бас құжатымыз адами құндылықтар мен заң нормаларының жиынтығы ғана емес, ел дамуының қозғаушы күші болуға тиіс»
«Өздеріңізге мәлім, біз наурыз айында конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Бірлігі мықты, жауапкершілігі жоғары ел ретінде жаңа Ата заңды қабылдадық.
Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, халқымыздың темірқазығы. Еліміздің Бас құжатында азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру, заңға құрмет, табиғатқа жанашырлық, шынайы отаншылдық, еңбекқорлық, білім-ғылым және жоғары технологиялар қағидаттары айқын көрініс тапты.
Сондай-ақ Конституцияда еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Егемендігін және Тәуелсіздігін қорғау әр азаматтың қасиетті борышы деп жазылды.
Осы орайда, әрине, нағыз отаншыл азаматтың озық үлгісін, ең алдымен, мемлекеттік қызметшілер көрсетуі керек. Бұл – ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген әрбір қызметшінің қастерлі парызы.
Лауазымды тұлғалар, күштік құрылымдар мен басқа да билік өкілдері Конституцияға үнемі сілтеме жасауы керек. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында адамдар өмірде болсын, кинода болсын, Конституцияны аузынан тастамайды. Біз де осындай құқықтық мәдениет қалыптастыруымыз қажет. Бұл ең алдымен ұлттық болмысымызға оң әсер етеді.
Бас құжатымыз адами құндылықтар мен заң нормаларының жиынтығы ғана емес, ел дамуының қозғаушы күші болуға тиіс.
Тұғырына қонған Конституциямыз қоғамдық келісімді түбегейлі жаңа деңгейге көтеруі керек.
Мемлекет пен қоғам арасында шынайы серіктестік орнап, белсенді, жанашыр азаматтар ұлттың жасампаз күшіне айналуы қажет. Сондықтан Конституцияның нормалары барлық жерде, соның ішінде азаматтық және әскери жоғары оқу орындарында, мектептер мен әскери бөлімдерде, мемлекеттік және жеке кәсіпорындарда екі тілде қатар қолжетімді болуға тиіс».
t.me/aqorda_resmi
03/06/2026
Тұғырына қонған Конституциямыз қоғамдық келісімді түбегейлі жаңа деңгейге көтеруі керек.
Бас құжатымыз - адами құндылықтар мен заң нормаларының жиынтығы ғана емес, ел дамуының қозғаушы күші болуға тиіс.
Конституцияда еліміздің, жеріміздің тұтастығын, егемендігін және тәуелсіздігін қорғау әр азаматтың қасиетті борышы деп жазылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев
03/06/2026
Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу барысымен бөлісті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Биылғы жылдың 1 маусымындағы ресми мәліметке сәйкес, аймақта 7 466 адам жұмысқа орналасты. Бұл көрсеткіш биылғы жылға жоспарланған межелі көрсеткіштің (21 776 адам) 34,3 пайызын құрап отыр. Жұмысқа орналасқан тұрғындардың ішінде 2 861 азамат тұрақты еңбек орындарына жолдама алса, 4 605 адам уақытша жұмыспен қамтылды.
03/06/2026
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы әр жылы жұмыс жоспарын бекітеді. Биылғы жоспар бойынша ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына сілтеме жасап.
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының сәулет және археология бөлімінің мамандары ғылыми жоба авторларымен бірлесе отырып, мамыр айында жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне кезекті тексеру жұмыстарын жүргізді.
03/06/2026
✨ Отбасы – қоғамның алтын қазығы!
👨👩👧👦 «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы – өнегелі отбасыларды дәріптеп, ұлттық және рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды жоба.
❤️ Берекелі шаңырақ, сыйластық пен татулыққа негізделген отбасы – елдің ең үлкен байлығы.
📅 Өтінімдер 15 мамыр мен 15 маусым аралығында қабылданады.
🏆 Конкурс екі кезең бойынша өткізіледі:
1️⃣ Аудандық (қалалық) кезең;
2️⃣ Облыстық кезең.
🌟 Өз отбасыңыздың өнегелі жолын елге танытып, ұлттық конкурстың қатысушысы атаныңыз!
#МерейліОтбасыМаңғыстау
03/06/2026
Маңғыстау облысындағы төрт ауылда алкоголь сатылмайды
Маңғыстау облысында соңғы жылдары жергілікті тұрғындардың, ақсақалдар мен кәсіпкерлердің ортақ келісімімен спирттік ішімдіктерді сатудан және тұтынудан толықтай бас тартқан ауылдар қатары артып келеді. Ішкі істер министрлігі мен облыстық әкімдіктің ресми мәліметтеріне сүйенсек, бұл үрдіс өңірдегі қылмыс деңгейін айтарлықтай төмендеткен. Қазіргі уақытта өңірде ішімдік сатылмайтын төрт ауыл бар.
1. Онды ауылы (Маңғыстау ауданы)
Шамамен 1 300-ден астам тұрғыны бар бұл ауыл алкогольден толық бас тартқан.
Ресми мәлімет бойынша, ауылда спирттік ішімдіктер сатылымы тоқтатылғаннан кейінгі 3 жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
2. Бекі ауылы (Маңғыстау ауданы)
Онды ауылдық округіне қарасты бұл елді мекенде де жергілікті кәсіпкерлер дүкендерде алкоголь өнімдерін сатудан біржола бас тартқан. Құқық қорғау органдарының дерегінше, ішімдіксіз өмір салтын таңдаған бұл ауылда 5 жыл бойы ешқандай қылмыс болмаған.
3. Баянды ауылы (Мұнайлы ауданы)
Мұнайлы ауданының бұл ірі ауылында жергілікті әкімдік, құқық қорғау органдары және ауыл кәсіпкерлері бірлесіп, спирттік ішімдіктерді сатпау және сатып алмау туралы арнайы меморандумға қол қойған. Дүкен сөрелерінен алкоголь өнімдері толықтай алынып тасталды.
4. Құланды ауылы (Қарақия ауданы)
Қарақия ауданына қарасты Құланды ауылы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қарақия ауданының прокуратурасының бастамасымен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Алкогольсіз ауыл» деп танылды. Осыған орай, өзара ынтымақтастықты көздейтін меморандум жасалды. Аталған құжат аясында тараптар ауыл аумағында алкоголь өнімдерін сатуға және тұтынуға жол бермеу, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыру бойынша бірлескен шараларды жүзеге асыруға келісті.