Балалар күлкісі – өмірдің сәні
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Аманқос» емханасының ұжымы «Құрылысшылар» саябағында мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Балалардың шат күлкісі мен бақытты балалығы – қоғамымыздың ең қымбат қазынасы. Осы игі мереке аясында бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында түрлі қызықты ойындар, көңілді сайыстар мен ойын-сауық бағдарламалары өткізілді. Мерекеге қатысқан балаларға тәттілер мен арнайы сыйлықтар тарту етіліп, ерекше әсер сыйланды.
Шара барысында балалардың қуанышты жүздері мен шынайы күлкісі мерекенің басты көркіне айналды. Өйткені әрбір баланың бақытты болуы – қоғамның басты міндеттерінің бірі.
Сонымен қатар, емхана ұжымы ерекше диагнозбен өмір сүріп жатқан балалар мен олардың аналарына арнайы барып, мерекелік сыйлықтарын табыстады. Бұл – жай ғана тарту емес, қоғамның қамқорлығы мен жанашырлығының, қолдауы мен мейірімінің көрінісі. Осындай ізгі бастамалар арқылы балалар мен олардың отбасыларына қуаныш сыйлап, олардың өмірге деген сенімін нығайту көзделді.
Балалар – еліміздің жарқын болашағы. Сондықтан әрбір бүлдіршіннің алаңсыз балалық шағы, сапалы білім алуы мен бақытты өмір сүруі бәріміз үшін маңызды.
Осы мерекелі күні барлық балаларға зор денсаулық, шаттық пен қуаныш, жарқын болашақ тілейміз! Әрқашан жүздеріңізден күлкі кетпей, армандарыңыз орындалып, бақытты балалық шақтың қызығын көре беріңіздер!
Бейнеу ауданының әкімдігі
Бейнеу ауданы әкімдігінің ресми парақшасы Личный блог
01/06/2026
Құрметті маңғыстаулықтар және өлке қонақтары!
Баршаңызды «МЕНІҢ ТУЫМ!» акциясына қатысуға шақырамыз.
4 МАУСЫМ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІ КҮНІ
Мерекеге орай өтетін патриоттық акцияға қатысу үшін үйіңіздің терезесі немесе балконына Мемлекеттік Туды ілулеріңіз қажет.
Туды пайдалану кезінде заңнамалық нормаларды қатаң сақтауды сұраймыз.
ЕЛДІГІМІЗДІҢ НЫШАНЫ – КӨК БАЙРАҒЫМЫЗДЫ БІРГЕ ЖЕЛБІРЕТЕЙІК!
01/06/2026
Елімізде 1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күні дәстүрлі түрде атап өтіледі. Бүгінде елімізде 6,9 млн-нан астам бала тұрады және олардың құқықтарын қорғау мәселесі мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы басым бағыттардың бірі саналады. Аталған жұмыс жаңа Конституцияда бекітілгендей, балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу қағидатына негізделген, ал мемлекеттің басты міндеті – отбасылар үшін балалардың дені сау болып өсуіне, сапалы білім алуына және өздерін қауіпсіз сезінуіне мүмкіндік беретін сенімді әрі қолайлы жағдай жасау. Бұл бағыттағы басты құжат ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай қорытындысы бойынша берген тапсырмасына сәйкес қабылданып, Үкімет бекіткен 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы айқындалды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Бағдарлама 158 іс-шараны қамтиды, ал оны жүзеге асыруға жалпы көлемі 1,3 трлн теңге қаржы қарастырылған. Құжат аясындағы жұмыстар білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік сияқты негізгі бағыттар бойынша жүргізілуде.
Үш ауысымды мектептерді жоюдан бастап жеке ваучерлерге дейін
Білім беру саласында жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2020 жылдан бері елімізде 1,2 мыңнан астам мектеп салынды. Нәтижесінде 1 млн-нан астам жаңа оқушы орны ашылды, бұл үш ауысымды мектептер санын төрт есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Биыл тағы 53 мың орынға арналған 96 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қолданыстағы мектеп инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр: алдағы үш жыл ішінде 1,3 мың мектепті жаңарту көзделген, оның 820-сы ауылдық елді мекендерде орналасқан. 2025 жылдан бері 215 мектеп жаңартылды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында пәндік кабинеттер, асханалар, спорт залдары және қауіпсіздік жүйелері толық ауыстырылуда.
Білім беру мазмұны да заман талабына сай жетілдірілуде. Оқу үдерісіне цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп, пәндік дайындық күшейтілуде, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған бейімделген бағдарламалар дамытылуда. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл оқу орындарында әрбір оқушының қабілетін ашуға мүмкіндік беретін қолайлы әрі қолдаушы орта қалыптастыруға жол ашады.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту білім беру жүйесіндегі маңызды кезең болып қала береді. Дәл осы кезеңде баланың тұлғалық дамуының негізі қаланып, қарым-қатынас дағыдылары қалыптасады және мектепке дайындық жүргізіледі. Осыған байланысты мемлекет балабақшалар мен мектепалды даярлыққа қолжетімділікті дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Бүгінгі таңда республика бойынша 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 5,3 мыңы – мемлекеттік, ал 6,6 мыңы – жекеменшік ұйымдар. Мұнда 1 млн-нан астам бала тәрбиеленуде, 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 70,9%-ға жетсе, кезекте тұрған балалар арасында бұл көрсеткіш 96%-ды құрайды.
Мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттыру үшін қаржыландырудың жаңа тәсілдері енгізілуде. Атап айтқанда, еліміздің 20 қаласы мен 23 ауданында ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске қосылды. Жобаға 6 мыңға жуық ұйым қатысып, 936 мыңнан астам ваучер берілді. Бұл қадам бюджет шығыстарының ашықтығы мен тиімділігін арттырып қана қоймай, балабақшалардағы республикалық кезекті 2025 жылдан бері 9 есеге дерлік қысқартты. Нәтижесінде кезекте тұрған балалар саны 160 мыңнан 18 мыңға дейін азайды.
Соңғы үш жылда елімізде мектепке дейінгі ұйымдарда 223 мың жаңа орын ашылды, ал 2027 жылдың соңына дейін тағы 76,5 мың орын ашу жоспарлануда. Мектепке дейінгі білім беру үдерісінің сапасын қамтамасыз ету ісіне 104 мыңнан астам маман тартылған. Олар үшін ерте жастағы балаларды дамыту саласындағы қаманауи стандарттарға сәйкес тұрақты түрде біліктілікті арттыру жүйесі қалыптастырылған.
Балабақшалар желісін кеңейту, қаржыландырудың жаңа тәсілдерін енгізу және мұғалімдерге қолдау көрсету мектепке дейінгі білім беруді қолжетімді әрі сапалы етуге септігін тигізуде. Бұл өз кезегінде балаларды мектепке дайындаумен қатар олардың ерте жастан қауіпсіз, жан-жақты дамытушы және қамқор ортада тәрбиеленуіне мүмкіндік береді.
Өмірге келген алғашқы күннен бастап сапалы медицина
Үкіметтің балалар денсаулығына қатысты қабылдап жатқан шараларының нәтижесінде бала туғанға дейінгі патологиялардың алдын алуға және ерте анықтауға баса ден қойыла бастады. Соңғы бес жылда бұл секторды қаржыландыру 264-тен 585 млрд теңгеге дейін екі еседен астам өсті, бұл еліміздің барлық медициналық бюджетінің төрттен бір бөлігін құрайды. Балаларға медициналық көмек ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде тегін көрсетіледі.
Фетальды хирургияны, яғни туғанға дейінгі операцияларды енгізу және 4 мыңға жуық медбике тартылған патронаж жүйесін іске қосу Қазақстанға тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда нәресте өлімін 7,5 есеге, ал ана өлімін 6 есеге төмендетуге мүмкіндік берді.
Туғаннан кейін балалар неонатальды, аудиологиялық және офтальмологиялық скринингтерді, сондай-ақ даму барысын бағалауды қоса алғанда, міндетті тексеруден өтеді. Өңірлерде балалар ауруханалары жаңартылуда, перинаталдық орталықтар салынуда, мамандандырылған және жоғары технологиялық көмек ауқымы, оның ішінде онкогематологияда да кеңеюде.
Жасөспірімдердің денсаулығына деген көзқарас та өзгеруде: бүгінде әрбір мектеп МСАК ұйымдарына бекітілген, ал оқу орындарында аурулардың алдын алу, дене дамуын бақылау және саламатты әдеттерді қалыптастыру жұмыстарын жүргізетін медициналық пункттер жұмыс істейді.
Сондай-ақ 2025 жылдан бастап оқушылардың жас қажеттіліктерін ескеретін мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді. Психикалық денсаулықты қолдау жүйесі де дамып келеді: балалар мен ата-аналар ақыл-кеңес және көмек алу үшін жастар денсаулығы орталықтары мен психикалық денсаулық орталықтарына жүгіне алады. Қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементі болып төтенше жағдайларда тәулік бойы қоңырау қабылдайтын, оның ішінде балалардан да, «112» бірыңғай нөмірі қала береді.
Жасөспірімдерге тигізетін зиянын азайту үшін электронды темекі мен вейп айналымы заңды түрде шектелді, сонымен қатар 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды.
Отбасыларды қолдау және әлеуметтік төлемдердің өсуі
Білім беру мен балалар денсаулығы саласын жаңғыртумен қатар әлеуметтік қолдау шаралары да күшейтілуде. Денсаулығына және білім алуына деген қамқорлық балалары бар отбасыларға жүйелі қолдау түрінде көрсетіледі, ол туылғаннан бастап кәмелетке толғанға дейін үздіксіз механизм ретінде жүзеге асырылады.
2026 жылы балалары бар отбасыларға жәрдемақы төлеуге 974 млрд теңге қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19,1%-ға артық. Қаражат бала туылған кездегі біржолғы жәрдемақыларға, күтім бойынша жәрдемақыларға, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетуге жұмсалады. Барлық жәрдемақылардың мөлшері жыл сайын индекстеледі: мысалы, төртінші және одан кейінгі балалар туылған кездегі жәрдемақылардың мөлшері 2026 жылы 272 мың теңгеден асты. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған әйелдерді қоса алғанда, көпбалалы аналардың мәртебесін нығайту үшін жеке шаралар кешені көзделген.
Сонымен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқоршылық жасау мен қолдау жүйесін реформалау отбасылық сипатта жүзеге асыруға ден қоя отырып жүргізілуде. Негізгі қадамдардың бірі – өмірлік қиын жағдайға тап болған баланың бірге тұруын және күтімін қамтамасыз ететін кәсіби асырап алушы отбасы институтының енгізілуі болды. Үміткерлер қатаң іріктеуден, психологиялық дайындықтан және міндетті оқытудан өтеді, бұл ретте балаларды күтіп-бағу және асырап алушы адамдардың еңбегі толықтай бюджеттен төленеді.
Бұған қосымша, 2025 жылдан бастап балалар үйінің тәрбиеленушілеріне бекітілетін тәлімгерлерді міндетті сертификаттау енгізілді. Тұрғын үй кепілдіктеріне де қатысты өзгерістер бар, мәселен, астанада және мегаполистерде жетімдерді есепке қою кезінде үш жылдық тұрғылықты тіркеуде болу талабы жойылды, ал тұратын жерін өзгерткен жағдайда олардың кезектегі бастапқы датасы сақталады. Қаржылық тетіктерге жеңілдікті ипотека, жалға алуды субсидиялау және «Мейірім» республикалық акциясы шеңберіндегі атаулы қолдау кіреді.
Жалпы алғанда, әлеуметтік төлемдердің дәйекті түрде кеңеюі отбасылардың беріктігін арттыруға, ата-аналарға жүктемені азайтуға және балаларды тәрбиелеу үшін неғұрлым сенімді жағдай жасауға ықпал етеді.
«Ұлттық қор – балаларға»: болашақ ұрпақтың қаржылық іргетасы
Ұзақмерзімді қолдау тетіктерінің бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылы іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Аталған жобаға сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ы балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына 18 жасқа толғанға дейін аударалып отырады. Кәмелет жасына толғаннан кейін жинақталған соманы тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға жұмсауға болады.
Бағдарлама негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетуде. Алғашқы жылы оған 6,91 млн бала қатысып, олардың әрқайсысының шотына $100,52 көлемінде қаражат аударылды. 2025 жылы қатысушылар саны 6,92 млн балаға дейін артқан, ал жылдық төлем $129,38 мөлшеріне жетті. 2026 жылғы бөлу қорытындысы бойынша қаражат 6,91 млн балаға есептелді, бұл ретте жылдық төлем $130,71 құрады.
Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап қатысып келе жатқан балалардың жинақтары инвестициялық кірісті қоса есептегенде жалпы $370,56-ға жетті.
Үш жыл ішінде бұл бастама аясында жалпы $2,3 млрд бөлінді, оның ішінде кәмелетке толған балалардың шоттарына $238,5 млн-нан астам қаражат аударылды.
Бүгінгі таңда 297 мыңнан астам өтінім мақұлданды: оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға – 187 мыңнан астам өтінім, жалпы сомасы $33 млн-нан астам; білім алуға – 110 мыңнан астам өтінім, жалпы сомасы $19 млн-нан астам.
Қауіпсіз балалық шақ: институционалдық бақылау және құқық қорғау
Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету мәселелері аса маңызды. Қазіргі таңда бұл бағыттар Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» жалпы қағидатымен үндестірілген.
Бұл бағыттағы негізгі басымдық ерте профилактикаға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға берілген. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап елдің барлық мектептері мен колледждерінде нормативтік тәртіпте «ДосболLIKE» және KiVa антибуллинг бағдарламалары енгізілді, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық немесе қатыгез қарым-қатынас фактілеріне мемлекеттік органдардың бірыңғай әрекет ету алгоритмдері бекітілді. Өңірлік деңгейде барлық облыста мамандандырылған психологиялық қолдау орталықтары ашылып, жұмыс істеуде.
Сонымен қатар мемлекеттік бақылау айтарлықтай күшейтілді. Уәкілетті органдардың тексерістері енді міндетті түрде мектептегі тамақтану сапасын, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің толықтығын және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқықтарының сақталуын қамтиды.
2026 жылғы негізгі құқықтық өзгеріс – балалардың құқықтарын қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін тікелей әкімшілік жауапкершіліктің енгізілуі болды. Енді буллинг фактілерін елемеу, асханалардағы тамақтандыруды ұйымдастырудағы кемшіліктер немесе тиісті профилактикалық жұмыстың жүргізілмеуі үшін оқу орындарының басшылығы мен жауапты тұлғалар заң алдында жеке жауапкершілікке тартылады.
Осы жұмысты жергілікті деңгейде үйлестіру үшін әкімдіктер құрылымында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар түріндегі жеке салалық ведомстволар құрылуда. Олар мектептер, қамқоршылық органдары, психологиялық қызметтер мен әлеуметтік мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды тікелей үйлестіреді.
Мамандардың жүктемесін азайтып, жұмыстың сапасын арттыру мақсатында алғаш рет заңнамалық деңгейде қамқоршылық органдары үшін қатаң кадрлық норматив бекітілді: 5 мың балаға кемінде бір инспектор қарастырылған.
Осылайша, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында көзделген кешенді тәсіл шашыраңқы қолдау шараларын бірыңғай, ашық әрі технологиялық экожүйеге айналдыруға мүмкіндік береді.
Инфрақұрылымды қаржыландыру, тікелей төлемдер, цифрлық ваучерлер және Ұлттық қордағы мақсатты шоттар – мұның барлығы елдің адами капиталына бағытталған ұзақмерзімді мемлекеттік инвестициялар. Үкімет өз тарапынан балаларды қорғау, қауіпсіз әрі дамытушы орта қалыптастыру мәселелерін ерекше бақылауда ұстап, табысты пилоттық жобаларды кезең-кезеңімен кеңейтуді және әрбір жас қазақстандық үшін институционалдық кепілдіктерді күшейтуді жалғастырады.
https://ortcom.kz/kk/novosti/1780292107
01/06/2026
Биыл қаңтар-мамыр аралығында мемлекеттік бюджеттің кірісі жоспардағы көрсеткіштен артығымен орындалды. Бюджетке 11,4 трлн теңгеден астам қаражат түсіп, бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 16% көп. Аталған көрсеткіш экономикалық белсенділіктің орнықты серпіні мен бюджет түсімдерінің өсімін байқатып отыр, деп хабарлайды ҚР Қаржы министрлігі.
Республикалық бюджеттің кірісі 100,9% орындалды. Жоспар бойынша 7,34 трлн теңгекөзделгенімен нақты түсімдер 7,41 трлн теңгеге артқан. Бұл жоспарланған межеден 66,7 млрд теңгеге жоғары екенін айғақтайды.
Республикалық бюджет кірісінің өсім қарқыны былтырға қарағанда 25,1% немесе 1,48 трлн теңгеге көп. Жедел деректерге сүйенсек, жергілікті бюджеттердің кірісі 4,05 трлн теңгеге ұлғайған. 2025 жылдың қаңтар-мамыр аралығындағы кезеңмен салыстырғанда жергілікті бюджеттердің түсімі 95,1 млрд теңгеге немесе 2,4% өскен.
Республикалық бюджеттің кірістер құрылымында (трансферттерсіз) 97,7% салық түсімдеріне тиесілі. Соған сәйкес жоспар 100,5% орындалып, өсім 30,6% аса ұлғайтылды. Айтарлықтай өсім қосылған құн салығы, корпоративті табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және шикі мұнайға экспорттық кедендік баж есебінен қамтамасыз етілді. Әлемдік шикізат нарықтарындағы қолайлы бағаконъюнктурасы, экономиканың өсімі, іскерлік белсенділік пен салық реформасы кірістердің артуына негізгі фактор болды.
Мемлекеттік бюджет даму бюджетінің мәртебесін сақтап отыр. Ұзақмерзімді экономикалық өсім мен азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға негіз болатын инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға баса мән берілген.
Ел дамуының негізгі бағыттарының қатарында – автомобиль жолдарын салу және жаңғырту, инженерлік және коммуналды инфрақұрылымды жақсарту, көлік-логистикалық дәліздерді дамыту, сондай-ақ энергетика, сумен жабдықтау және цифрландыру саласындағы жобаларды іске асыру бар. Бұл тәсіл өңірлердің байланысын арттыруға, халықтың сапалы қызметтерге қолжетімділігін жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашып, қосымша жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді.
Тұтастай алғанда, бес айдың нәтижелері бюджеттің кіріс базасының орнықтылығын, экономикалық белсенділіктің ұлғаюы мен даму бюджетінің сақталуы жағдайында түсімдердің оң динамикасын растап отыр.
https://ortcom.kz/kk/novosti/1780298185
01/06/2026
«Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын бастады
Бүгін ауданымызда жастарды еңбекке баулу мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Қанағат Батырбекұлы Назарханов, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тұралы Ботақараұлы Жолышов, жастар ресурстық орталығының мамандары және белсенді жастар қатысты.
Шарада сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары жастарды еңбекке баулудың, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосудың маңыздылығына тоқталып, еңбек маусымына қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Биыл ауданымызда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы аясында 500 жас маусымдық жұмыспен қамтылатын болады. Жоба үш ай ауысым бойынша жүзеге асырылады. Бүгін алғашқы ауысымның жұмысы басталып, жастар аудан аумағын абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге кірісті. «Жасыл ел» бағдарламасы – жастарды уақытша жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың еңбек мәдениетін қалыптастыруға, жауапкершілігін арттыруға және туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар бұл бастама Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсат-міндеттерімен үндесіп, елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосады» деді Қанағат Батырбекұлы.
Жастардың белсенді қатысуымен аудан аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық орындар мен көшелердің санитарлық жағдайын жақсарту, жасыл желектерді күтіп-баптау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылатын болады. «Жасыл ел» – еңбек пен тәрбие мектебі. Бұл жоба арқылы жастар алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, қоғамға пайдалы іске атсалысып, туған өлкенің гүлденуіне өз үлестерін қосады. Ауданымыздың жастары биыл да белсенділік танытып, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарға белсене қатысады деген сенім мол.
01/06/2026
Құрметті балалар, ата-аналар және аудан тұрғындары!
Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – балғын балалық шақтың шаттығын, бүлдіршіндердің күлкісі мен қуанышын дәріптейтін ерекше мереке. Балалар – еліміздің жарқын болашағы, мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы. Олардың бақытты өмір сүріп, сапалы білім мен саналы тәрбие алуы – қоғамның басты міндеттерінің бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін әрдайым атап келеді. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, өз қабілеттерін толық жүзеге асыруына барлық мүмкіндік жасалуда. Бүгінде ауданымызда балалардың сапалы білім алуы, шығармашылықпен айналысуы, спортпен шұғылдануы және бос уақытын тиімді өткізуі үшін жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Біз әрбір баланың арманы асқақ, болашағы баянды болуы үшін барлық күш-жігерімізді жұмсай береміз.
Қымбатты балалар!
Сіздерге зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, оқуда табыс, биік мақсаттар мен жарқын жетістіктер тілеймін. Әрдайым ата-аналарыңыздың, ұстаздарыңыздың және туған-туыстарыңыздың мақтанышы болып өсіңіздер!
Мерекелеріңіз құтты болсын! Балалық шақтарыңыз бақытқа, қуанышқа және жарқын сәттерге толы болсын!
Ізгі тілекпен,
Бейнеу ауданының әкімі Р.Шалбаев
01/06/2026
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады
– Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Жас ұрпақтың құқығын қорғау, денсаулығын сақтау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – жалпыұлттық мақсат және конституциялық міндет. Ауызбіршілігі мықты, тату-тәтті отбасы – бақытты балалық шақтың арқауы. Сондықтан отбасы құндылықтарын қорғау жаңа Конституцияның аса маңызды нормасының бірі ретінде айқындалды. Өскелең ұрпақтың жасампаздық рухы орасан зор. Олар білім мен спортта, өнерде мол табысқа жетуде. Менің бастамаммен қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында мемлекет тарапынан әрбір балаға қамқорлық жасалып жатыр. Биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы іске асырыла бастады. Жас буынды қолдау әрдайым еліміздің, яғни Әділетті және Озық Қазақстанның басты назарында болады, – деп жазды Президент Instagram парақшасында.
t.me/aqorda_resmi
31/05/2026
🎉 1 МАУСЫМ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ 🎉
Құрметті аудан тұрғындары мен қонақтары!
Сіздерді Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік гала концертке шақырамыз.
📍 Өтетін орны: Әли Балта палуан атындағы Орталық стадион
🕚 Уақыты: 20:00
Балаларға шаттық сыйлап, мерекелік көңіл-күйді бірге бөлісейік!
Баршаңызды асыға күтеміз!
30/05/2026
❓1 маусымнан бастап Қазақстанда не өзгереді?
29/05/2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтті.
Мемлекет басшысы бүгінгі күннің символикалық мәніне назар аударды. Дәл осы күні, яғни, 2014 жылы 29 мамырда Қазақстан елордасында Еуразия экономикалық одағы туралы шартқа қол қойылған болатын.
– Бұл уақиға еуразиялық интеграцияның маңызды кезеңі ретінде есте қалды. Одақ құрылған сәттен бері еуразиялық «бестіктің» басты ынтымақтастық алаңына айналды. Осыған орай барша әріптесімді Еуразиялық экономикалық одақ күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бірлестік одан әрі дамып, елдеріміз бен халықтарымыздың игілігіне қызмет ете берсін! Бүгінгі шағын форматтағы кездесу барысында біз сыртқы саудаға, жасанды интеллектіні дамыту бастамаларына қатысты маңызды мәселелерді талқылаймыз. Бұл туралы мазмұнды әңгімеміз кеше экономикалық форум аясында басталды. Жиынымыз әдеттегідей конструктивті сипатта өтіп, өзара тиімді шешімдер қабылданатынына сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Кеңес отырысына Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Вице-премьері Мгер Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
https://ortcom.kz/kk/novosti/1780050198
Click here to claim your Sponsored Listing.
Location
Category
Contact the business
Telephone
Website
Address
Д. Тәжиев көшесі 1 ғимараты
Beyneu
130100
Opening Hours
| Monday | 09:00 - 18:30 |
| Tuesday | 09:00 - 18:30 |
| Wednesday | 09:00 - 18:30 |
| Thursday | 09:00 - 18:30 |
| Friday | 09:00 - 18:30 |
