21/05/2026
Құрметті мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мәдениет – халықтың рухани өзегі, ұлттық болмысы мен ғасырлар бойы жинақтаған асыл қазынасы. Ал Сіздер – осы баға жетпес құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, жаңғыртып, келешек ұрпаққа аманаттап келе жатқан жасампаз жандарсыздар.
Ауданымыздың мәдени өмірін жандандырып, халықтың рухани деңгейін көтеруде, жас таланттардың бағын ашуда Сіздердің атқарып жатқан еңбектеріңіз орасан зор. Сахна төріндегі өнерлеріңізбен де, кітапхана мен мұражайлардағы, мәдениет үйлеріндегі табанды жұмыстарыңызбен де сіздер елдің ықыласы мен құрметіне бөленіп келесіздер.
«Өнер — ұлттың жаны» дейді дана халқымыз. Рухани майданның алғы шебінде жүріп, елдің еңсесін тіктеп, мәдениетіміздің туын биікке желбіретіп жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін.
Мерекелеріңіз құтты болсын! Рухани кемелдік пен шығармашылық биіктерді бағындыра беріңіздер!
Ізгі ниетпен,
Аудандық мәслихат төрағасы Тұрабаев Мұрат Өскенбайұлы
15/05/2026
АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТІ 45 СЕССИЯСЫ ӨТТІ
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихат төрағасы М.Тұрабаевтың төрағалығымен және аудан әкімі А.Жандарбековтің қатысуымен VIII шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті 45 сессиясы өтті.
Сессия жұмысына Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Қордабай Нұрғали Рахымшаұлы, бөлім басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері, мекеме басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия күн тәртібінде төмендегі мәселелер қаралды:
✅ 1. 2025 жылға арналған аудандық бюджеттің орындалуы туралы есеп.
Бұл мәселе бойынша Шиелі аудандық экономика және қаржы бөлімі мен Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының қорытынды баяндамасы тыңдалды.
✅ 2. 2025 жылға арналған Шиелі кенті және Ақмая, Ақтоған, Алмалы, Бәйгеқұм, Бәйтерек, Бестам, Еңбекші, Жаңатұрмыс, Жиделіарық, Жөлек, Жуантөбе, Иіркөл, Керделі, Қарғалы, Қоғалы, Майлытоғай, Ортақшыл, Сұлутөбе, Талаптан, Тартоғай, Телікөл, Тұран ауылдық округі бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық есептері;
✅ 3. Аудандық мәслихаттың экономикалық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі;
✅ 4. «Шиелі аудандық мәслихатының депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларын қалыптастыру туралы» Шиелі аудандық мәслихатының 2023 жылғы 16 қаңтардағы №35/5 шешімінің қосымшасына өзгерістер енгізу туралы;
✅ 5. «Шиелі ауданындағы учаскелік сайлау комиссияларының құрамын сайлау қорытындылары туралы» 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №12/3 шешімнің қосымшасына өзгерістер енгізу туралы.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тарапынан ұсыныстар мен пікірлер айтылып, бөлім, кент және ауыл әкімдері тиісті жауаптар берді.
09/05/2026
Құрметті жерлестер!
Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – адамзат тарихындағы өшпес ерліктің, қажымас қайрат пен шынайы отансүйгіштіктің символы. Бейбітшілік пен бостандықтың бағасын ұғындыратын бұл мереке әрбір қазақстандықтың жүрегінде ерекше орын алады. Отан үшін от кешкен аталарымыз бен аналарымыздың ерен ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Осы айтулы күнде біз майдан даласында жан аямай шайқасқан батырларымыз бен тылда ерен еңбек еткен ата-әжелеріміздің қаһармандығына тағзым етеміз. Олардың салған сара жолы мен көрсеткен табандылығы – бүгінгі жас ұрпақ үшін отансүйгіштік пен төзімділіктің асыл үлгісі. Бейбіт күннің қадірін біліп, ата-баба аманатына адал болу және еліміздің гүлденуіне үлес қосу – біздің қасиетті парызымыз.
Еліміздің аспаны әрдайым ашық, іргеміз тыныш, бірлігіміз бекем болсын. Әрбір шаңыраққа құт-береке, бақ пен дәулет тілеймін. Ардагерлеріміз аман, келешегіміз жарқын болғай!
Жеңіс күні құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
Аудандық мәслихат төрағасы Тұрабаев Мұрат Өскенбайұлы
07/05/2026
Қадірлі жерлестер!
Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – ел тәуелсіздігі мен тыныштығын көздің қарашығындай сақтауды мұрат тұтқан, батылдық пен ерліктің, қаһармандық пен отансүйгіштіктің нышаны. Бүгінгі айтулы күн тек әскери қызметшілердің ғана емес, ел іргесінің беріктігін қас қақпай күзеткен барша азаматтардың ортақ мерекесі.
Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы атап өткендей, армиямыздың қуаты – оның техникасында ғана емес, сарбаздарымыз бен офицерлеріміздің асқақ рухында. Біздің ауданымыздан шыққан ержүрек ұлдар да әрқашан Отан алдындағы антына адал болып, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге лайықты үлес қосып келеді.
Осы мерекелі күні баршаңызға мықты денсаулық, қажымас қайрат және отбасыларыңызға береке тілеймін! Еліміздің қорғаныс қабілеті нығайып, көк байрағымыз бейбіт аспан астында желбірей берсін.
Мереке құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
Аудандық мәслихат төрағасы Тұрабаев Мұрат Өскенбайұлы
07/04/2026
ШИЕЛІ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТІ 43 СЕССИЯСЫ ӨТТІ
Бүгін VIII шақырылған Шиелі аудандық мәслихатының кезекті 43 сессиясы болып өтті.
Сессия жұмысына аудандық мәслихат төрағасы М.Тұрабаев төрағалық етті. Сессияға аудан әкімінің орынбасары А.Алдабергенов, ауылдық округ әкімдері, тиісті бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Сессияда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, цифрландыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Атап айтқанда:
1. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыруға байланысты аудандағы атқарылып отырған жұмыстардың жайы туралы.
2. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында аудан аумағын көгалдандыру, қоқыс шығару және экологиялық жағдайды жақсарту жұмыстары туралы.
3. Аудан аумағындағы қоғамдық көліктің сапасы, автомобиль жолдары мен жол белгілерінің жайы, жол қауіпсіздігі және жол-көлік оқиғаларын азайту шаралары туралы.
4. «2026-2030 жылдарға арналған Шиелі ауданының даму жоспарын бекіту туралы» Шиелі аудандық мәслихатының 2025 жылғы 30 желтоқсандағы №40/2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
5. Шиелі ауданының коммуналдық меншігіндегі мүліктерді жекешелендіру туралы .
6. Аудандық мәслихатының 2025 жылғы 30 желтоқсандағы «Шиелі ауданының жер комиссиясының құрамын және комиссия туралы ережені бекіту туралы» №22/3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы
7. Шиелі ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы.
8. Шиелі аудандық мәслихатының 2023 жылғы 30 наурыздағы «ҮІІІ шақырылған аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиялары туралы» №1/5 шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
🔹 Цифрландыру және IT саласы бойынша ауданда 33 елді мекеннің 28-і (81,8%) үй интернетімен, ал 30-ы (90,9%) мобильді интернетпен қамтылған. 2026 жылы Шиелі кенті, Алғабас және Бидайкөл елді мекендерінде 4500 абонентті талшықты-оптикалық байланыс желісіне көшіру жоспарлануда.
🔹 «Таза Қазақстан» акциясы аясында 2026 жылы аудан аумағында 14 245 түп ағаш көшеттерін отырғызу көзделіп отыр. Сонымен қатар, елді мекендерді санитарлық тазарту және ауыз су сапасына тұрақты мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасады.
🔹 Көлік және инфрақұрылым бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға 2025 жылы 56,9 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. 2026 жылы жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында 126 дана жол белгісін орнату және 130 шақырымнан астам жол таңбаларын сызу жоспарланған.
🔹 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарына өзгерістер енгізіліп, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2026 жылы жалпы құны 924 млн теңгені құрайтын 55 жобаны іске асыру белгіленді.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық мәслихат депутаттары белсенді пікір алмасып, өз ұсыныстарын білдірді. Қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
01/04/2026
Аудандық мәслихаттың жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, І тоқсанындағы кезекті сессиясында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында аудан аумағын көгалдандыру, қоқыс шығару және экологиялық жағдайды жақсарту жұмыстары туралы» мәселе қаралатын болады. Осыған орай аудандық мәслихат төрағасының 2026 жылдың 06 ақпандағы 05-1/5 өкімімен уақытша комиссия құрылған болатын. Комисиия төрағасы аудандық мәслихат депутаты Д.Әубәкіров, комиссия мүшелері мәслихат депутаты А.Өмірәлиев, қоғамдық кеңес мүшесі Е.Жеңсікбаев, су шаруашылығының ардагері Ә.Сейтовтің қатысумен комиссия отырысы өтті. Жиында аудан аумағын көгалдандыру, қоқыс шығару жұмыстары жайлы «Шиелі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ басшысы Ғ.Аманжоловтың есебі тыңдалды. Сондай-ақ комиссия мүшелері аудан орталығындағы көгалдандыру нысандардын аралап, жағдайымен танысып, зерделеу жұмыстарын жүргізді.