05/06/2026
⚜️Әзербайжандық ғалым Хураман Хүммәтовамен «Қожа Ахмет Ясауи мен Сүлеймен Хәкім ата шығармашылығындағы тақырып ұқсастығы» атты онлайн семинар-сұхбат өтті
🔹«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы «Ясауитану» ғылыми орталығының кезекті «Yasawi Times» бағдарламасы филология ғылымдарының докторы, Өзбекстан «Тұран» Ғылым академиясының академигі, Әзербайжан Ұлттық Ғылым Академиясы (АMEA) Низами Гәнжәуи атындағы Әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері Хураман Бәһмән қызы Хүммәтованың қатысуымен халықаралық онлайн семинар-сұхбат өтті.
🔹Онлайн семинар-сұхбат «Ясаиутану» ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлының ашылу сөзімен басталды. Сұхбаттың модераторлығын PhD Гульбану Кошенова жасады. Сұхбат барысында ортақ түркілік әдеби ой-таным жүйесінің қалыптасуы, сопылық (тасаввуф) философиясының көркемдік көріністері және Қожа Ахмет Ясауи мен оның ізбасары Сүлеймен Хәкім ата шығармашылығындағы рухани сабақтастық мәселелері кеңінен талқыланды.
🔹Спикер Хураман Хүммәтова өз баяндамасында Ясауи хикметтерінің тілдік табиғаты мен тарихи-контекстік маңызына ерекше тоқталды. Ғалымның пайымдауынша, қазіргі түркітану ғылымында Ясауи хикметтеріндегі сөздер мен лексикалық бірліктердің дәуірлерге қарай даму, өзгеру ерекшеліктерін және олардың қолдану аясын тарихи-салыстырмалы тұрғыдан тереңірек зерделеу қажеттігіне тоқталды. Бұл бағытта ауқымды әрі жүйелі зерттеулер жүргізу — ортақ түркі тілінің тарихи эволюциясын айқындау үшін стратегиялық маңызға ие екендігін атап өтті. Онлайн сұхбаттың соңында еркін пікірталас бөлімінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті Б. Қорғанбеков спикерге маңызды сұрақ жолдады: «Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің Әзербайжан фольклорына ықпалы мен әсері қандай деңгейде болды?»
🔹Бұл сауалға ғылыми тұрғыдан тұшымды жауап берген академик Х. Хүммәтова Ясауи мұрасының Әзербайжан сөз өнеріне, әсіресе халық ауыз әдебиетіне ықпалы өте терең болғанына тоқтала отырып, Ясауи хикметтеріне тән төрттік шумақтар мен өлең құрылысы (түркілік қара өлең үлгісі) Әзербайжан фольклорының жанрлық жүйесіне, соның ішінде бәйіттер мен халық өлеңдерінің поэтикасына тікелей әсер еткенін жеткізді.
🔹Хикметтерден бастау алған моральдық-дидактикалық идеялар фольклорлық алаңда трансформацияға түсіп, мақал-мәтелдер мен ғибратты аңыздардың өзегіне айналғандығын түсіндірді. Онлайн семинар-сұхбаттың соңында спикер, өз сөзін қорытындылай отырып, Қожа Ахмет Ясауи мен Хакім Сүлеймен Атаның мұралары тек ғана тарихи жәдігер емес, бүгінгі Әзербайжан мен Қазақстан, сондай-ақ бүкіл түркі әлемінің ортақ мұрасы деді.
Г.Кошенова, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы «Ясауитану» ғылыми орталығы Ғылыми аналитика және халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы.
05/06/2026
⚜️ «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» ҰЛТТЫҚ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МУЗЕЙ-ҚОРЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
🔹Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығына сәйкес Дакенов Ерлан Ерғазыұлы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры қызметіне тағайындалды.
🔹Ясауи музейінде өткен жиында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің аппарат басшысы Мұхаметқали Ринат Зәкиұлы музей-қорық ұжымына жаңа басшыны ресми түрде таныстырып, оның алдағы қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, музей-қорық директорының міндетін уақытша атқарған Дүкенбаев Нұрлан Мұсағалиұлының жауапты кезеңдегі табанды еңбегі мен кәсіби біліктілігін ерекше атап өтіп, атқарған жұмыстары үшін шынайы алғысын білдірді.
🔹Кездесу барысында Ринат Зәкиұлы музей-қорық қызметінің алдағы даму бағыттарына тоқталып, тарихи-мәдени мұраны сақтау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру және келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мәселелері жөнінде өз ұсыныстары мен ескертпелерін жеткізді. Сондай-ақ, ол Түркістан төрінде өткен Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының бейресми саммитін жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге белсенді атсалысқан музей-қорық ұжымының еңбегін жоғары бағалап, олардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне ризашылығын білдірді.
🔹 Жиын соңында Ерлан Ерғазыұлы өзіне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқаруға дайын екенін білдіріп, музей-қорықты дамыту жолында бар күш-жігері мен тәжірибесін жұмсайтынын айтты. Ол мәдениет саласында жинақтаған білімі мен кәсіби тәжірибесін ел игілігіне бағыттап, көрсетілген сенім үшін алғысын жеткізді.
Азамат Әлібек, баспасөз хатшысы.
05/06/2026
⚜️ «Экскурсоводпен бір күн: жазғы мектептегі ерекше сабақ»
🔹 Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында өтіп жатқан «Музейдегі жазғы мектеп» жобасының кезекті сабағын «Экскурсиялық қызмет көрсету» бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырды.
Сабақ барысында оқушылар экскурсия жетекшісі мамандығымен танысып, оның қоғамдағы рөлі мен қызметінің ерекшеліктері туралы мағлұмат алды. Экскурсия жетекшісі М.Рыспаева балаларға Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бойынша танымдық экскурсия жүргізіп, тарихи-мәдени мұраның маңызын түсіндірді. Одан кейін оқушылар Ясауи музейіне барып, музей экспозицияларымен танысты. Экскурсияны Д.Оразбек жүргізіп, жәдігерлердің тарихы мен құндылығы туралы қызықты деректермен бөлісті.
Танымдық саяхаттың жалғасы ретінде Н.Төлеміс балаларға арнайы квест ұйымдастырды. Квест барысында қатысушылар алған білімдерін іс жүзінде қолданып, түрлі тапсырмаларды орындап, қорытынды сұрақтарға жауап берді. Оқушылар белсенділік танытып, барлық кезеңдерден сәтті өтті.
🔹 Іс-шара соңында балаларға музейдің баспа өнімдері – кітапшалар таратылып, тәтті сусындар ұсынылды. Осындай мазмұнды сабақтар арқылы жас буынның тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығы артып, туған ел тарихын тануға деген ынтасы нығая түсуде.
Д.Құрманбай, үйірме жетекшісі.
05/06/2026
⚜️ Мектеп оқушылары Жүсіп ата кесенесінің тарихымен танысты
🔹 Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты Жүсіп ата кесенесінде Ескі Иқан ауылындағы жалпы орта мектеп оқушыларына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
🔹 Экскурсия барысында оқушылар Жүсіп ата кесенесінің тарихымен, рухани маңызымен және кесене аумағындағы Сапар орталығының қызметімен танысты. Сондай-ақ, оларға Жүсіп атаның тарихи-рухани тұлғасы мен кесененің сәулет ескерткіші ретіндегі ерекшеліктері кеңінен таныстырылды.
🔹 Оқушылар кесененің салыну тарихы, сәулеттік келбеті және жүргізілген археологиялық зерттеулер туралы тың мәліметтер алып, тарихи орыннан ерекше әсермен қайтты. Олар мұндай танымдық сапарлардың өткен тарихты тереңірек танып-білуге мүмкіндік беретінін атап өтіп, алдағы уақытта да тарихи-мәдени нысандарға саяхат жасауды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Асылхан Кәрім, Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау және есепке алу бөлімінің басшысы.
04/06/2026
⚜️РӘМІЗДЕРДІ ҚАДІРЛЕУ — ӘР АЗАМАТТЫҢ ПАРЫЗЫ
🔹Бүгін - еліміздің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бекітілген күн. Көк Туымыз желбірегенде, Әнұранымыз шырқалғанда, жүрегіміз елжіреп, кеудемізде мақтаныш сезімі оянатын күн! Рәміздеріміз мәңгі болсын қазақ елі! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні болып 1992 жылы 4 маусымда, еліміздің Туы, Елтаңбасы, және Әнұраны заңды күшіне енді. Рәміздерді қадірлеу - әрбір азаматтың парызы!
🔹Бүгінгі қуанышты күнді бөлісуге келген, Түркістан қаласының «Сабина» балабақшасының «Қарлығаш-1» тобының бүлдіршіндері арнайы, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарих-мәдени музей-қорығының кеңсесінен ашылған «Сирек жәдігерлер» экспозициясын тамашалауға келген бүлдіршіндер, тек экспозицияны тамашалап қоймай, музей ішінде Әнұранды шырқап, керемет көңіл-күй мен әсерлі сезімдерін көрсетті.
🔹Бұл мереке елге деген сүйіспеншілік пен ортақ құндылықтарды дәріптейтін ерекше күн. Рәміздерден халқымыздың өткені мен рухани мұрасы, еліміздің болашаққа бағытталған мақсаты айқын болсын! Барша қазақ халқын осы мерекемен құттықтай отырып, жұртымыз тыныш, еліміз аман болсын дегіміз келеді.
М.Искакова, экскурсия жетекшісі.