18/04/2026
WEEKEND. BOOK. VIBES – ТАЗА АУАДА КІТАП ОҚУ ӨТЕДІ
Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған «Артық білім – кітапта…» апталығы аясында KoneBook: таза ауада кітап оқу форматындағы Weekend. Book. Vibes шарасы өтеді.
Ашық аспан астында өтетін бұл ерекше кездесу кітапсүйер қауымды табиғат аясында бас қосып, кітап оқуға, ой бөлісуге және рухани демалыс алуға шақырады. Еркін форматтағы бұл шарада оқырмандар сүйікті кітаптарымен бөлісіп, жаңа таныстықтар орнатып, шабытты сәттерге куә болады.
Кітап пен табиғат үндескен ерекше атмосферада бірге болайық!
Өтетін күні: 19 сәуір
Уақыты: 11:00
Өтетін орны: Жастар саябағы
#ҰлттықКітапКүні2026
#НациональныйДеньКниги2026
16/04/2026
ҰЛТТЫҚ КІТАП КҮНІ АЯСЫНДА РУХАНИ КЕЗДЕСУ ӨТЕДІ
Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған «Артық білім – кітапта…» апталығы аясында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында айтыс өнерінің көрнекті өкілі, ақын Бекарыс Шойбековпен «Айтыстың алтын айдары» атты тұлға тану кеші өтеді.
Кеш барысында қонақтар ақынның шығармашылығымен жақын танысып, ұлттық өнердің айтыс саласындағы орны мен маңызы туралы мазмұнды әңгіме өрбітеді. Сонымен қатар, еркін сұхбат алаңы ұйымдастырылып, көрермендер көкейдегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алады.
Рухани кеш – ұлттық өнерді ұлықтап, сөз құдіретін сезінгісі келетін барша оқырманға арналған.
Баршаңызды мазмұнды кездесуге шақырамыз!
Өтетін орны: Фараб кітапханасы
Күні: 17 сәуір
Уақыты: 10:00
#ҰлттықКітапКүні2026
#НациональныйДеньКниги2026
15/04/2026
КІТАП АПТАЛЫҒЫ АЯСЫНДАҒЫ ЛОКАЦИЯЛАР
Кітап апталығының ашылу күні оқырмандар үшін кітапхананың әр қабатында түрлі форматтағы мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл — әр келуші өзіне қызықты бағытты таңдап, рухани әрі зияткерлік демалыс табатын ерекше мүмкіндік.
1-қабат (фойе)
«Саз өнері», «Ой алаңы»
Құмыра жасау бойынша шеберлік сағаты мен шахмат ойыны келушілерге шығармашылық пен зияткерлік қабілеттерін ұштастыруға мүмкіндік береді. Бұл алаңда әрбір қатысушы өз шеберлігін сынап, ерекше тәжірибе жинай алады.
2-қабат
«Қалам үні»
Локация: оқу залы
Журналистер мен ақындардың қатысуымен өтетін мазмұнды кездесу. Әдебиет пен сөз өнері төңірегінде еркін пікір алмасуға арналған бұл алаңда қаламгерлер өз шығармашылық тәжірибесімен бөлісіп, оқырмандармен рухани байланыс орнатады.
Кездесуге: Роза Нарымбетова, Несіпкүл Өтебаева, Төребек Байтасов, Бауыржан Ерман, Ибрахим Аман қатысады.
«Ой start»
Локация: балалар бөлімі
Балаларға арналған танымдық әрі зияткерлік ойындар ұйымдастырылып, кішкентай оқырмандар үшін қызықты әрі пайдалы орта қалыптасады.
3-қабат
«Жан zone»
Локация: Мархабат Байғұт залы
Асылзат Арыстанбекқызымен арнайы кездесу. Рухани сұхбат пен еркін ой бөлісуге арналған бұл алаңда қатысушылар шабыт алып, терең мазмұнды әңгімеге куә болады.
«Өнер импульсі»
Локация: ғылыми-зерттеу бөлімі
Айдар Сейдәзім мен Сайлаухан Жолановтың қатысуымен өтетін шығармашылық кездесу. Өнер мен идеялар тоғысқан бұл алаңда қатысушылар жаңа көзқарас пен тың серпін алады.
Кітап апталығы — әр оқырман үшін жаңа ой, жаңа әсер сыйлайтын рухани алаң. Сіздерді осы ерекше сәттердің куәсі болуға шақырамыз.
#ҰлттықКітапКүні2026
#НациональныйДеньКниги2026
15/04/2026
АРТЫҚ БІЛІМ – КІТАПТА…
Кітап — рухани байлықтың сарқылмас қазынасы, адамзат ойының асыл мұрасы. Әрбір парақ — өткеннің ізі, әрбір ой — болашаққа бастар бағдар. Кітап арқылы біз өзімізді танимыз, әлемді түсінеміз.
«Ұлттық кітап күні» мерекесі аясында «Артық білім – кітапта…» тақырыбымен 16–23 сәуір аралығында өтетін кітап апталығы өз бастауын алады.
Апталықтың шымылдығын ашатын салтанатты шара 16 сәуір күні сағат 10:00-де өтеді. Ашылу салтанаты Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Ы. Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының бірлесуімен ұйымдастырылады.
Бұл — руханият пен білімнің, кітап пен оқырманның тоғысар сәті. Салтанатты жиында әдеби композициялар, көркем қойылымдар мен мазмұнды кездесулер ұсынылып, кітаптың құдіреті кеңінен дәріптеледі.
Сонымен қатар, кітапхананың бірнеше локациясында қатар ұйымдастырылатын түрлі форматтағы іс-шаралар оқырман қауымға ерекше әсер сыйлайды.
Кітап апталығы — тек мереке емес,
бұл — рухани жаңғыруға бастар жол,
бұл — ой мен парасаттың тоғысар алаңы.
Кітаппен бірге жаңа белеске қадам басайық.
Сіздерді осы тағылымды шараның куәсі болуға шақырамыз.
#ҰлттықКітапКүні2026
#НациональныйДеньКниги2026
#ҰлттықКітапКүні2026
#НациональныйДеньКниги2026
14/04/2026
15 СӘУІР — ҒАШЫҚТАР КҮНІ
Сезім мен сырға толы ерекше күнде Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы Түркістан қалалық Жастар орталығымен бірлесе отырып, жастарға арналған тағылымды дебат ұйымдастырады.
Махаббат – адам жүрегінің ең нәзік әрі ең терең құндылығы. Осы кеште қатысушылар махаббаттың мәні, адалдық, сезім мәдениеті мен заманауи қарым-қатынас тақырыптарында өз ойларын ортаға салып, пікір алмасады.
Өтетін күні: 15 сәуір
Уақыты: 15:00
Өтетін орны: Фараб кітапханасы
Жүрек үніне құлақ түріп, ой мен сезім тоғысқан ортада кездескенше!
01/04/2026
2 СӘУІР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАР КІТАБЫ КҮНІ
Осы жарқын мерекеге орай Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының №9 жылжымалы кітапхана пункті Түркістан қалалық балалар ауруханасында ашылады.
Бұл игі бастаманың басты мақсаты – кішкентай оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, олардың рухани әлемін байыту, кітап арқылы үміт пен жылылық сыйлау. Ауруханадағы әрбір бала үшін кітап тек білім көзі ғана емес, ол – қиялға қанат бітіретін, көңілге қуаныш ұялататын ерекше әлем.
Жылжымалы кітапхана пункті – кітап пен оқырман арасындағы алтын көпір. Ол кітапханаға келу мүмкіндігі шектеулі балаларға әдебиетті жақындатып, білім мен рухани байлықты қолжетімді етуді көздейді. Сонымен қатар, жас оқырмандардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың танымдық және рухани дамуына жол ашады.
Шара барысында балаларға қызықты кітаптар ұсынылып, ертегілер әлеміне саяхат жасалады, танымдық әңгімелер арқылы олардың ой-өрісі кеңейеді. Әрбір кітап – бала жүрегіне үміт сыйлап, қиялын шарықтататын жарық сәуле.
Кітап – баланың ең адал досы, үнсіз сырласы, болашаққа бастар шамшырағы. Баршаңызды осы игі шараға қатысуға шақырамыз!
18/03/2026
ҰЛТТЫҚ КИІМ – ҰЛТТЫҢ АЙНАСЫ
Наурызнаманың онкүндігі аясында Ұлттық киім күніне орай кітапханада «Ұлттық киім – ұлттың айнасы» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеде қазақ халқының дәстүрлі киімдері таныстырылып, олардың тарихы, ерекшеліктері мен ұлттық нақыштағы мән-маңызы кеңінен насихатталды.
Іс-шараға мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысып, ұлттық киімдердің мәні мен маңызы туралы тың мәліметтер алды.
Іс-шара барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков туралы деректі фильм көрсетілді. Фильм арқылы көрермендер оның рухани мұраны жаңғырту жолындағы еңбегімен танысты.
Көрменің жоғары деңгейде өтуіне демеушілік білдірген мен ұжымдарына алғысымызды білдіреміз.
Аталған іс-шара ұлттық мәдениетті насихаттап, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыруға бағытталды.
15/03/2026
ДӘУІР МЕН ДӘСТҮР
Наурызнама онкүндігі аясында Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында жазушы, композитор, профессор Бекжігіт Сердәлімен кездесу кеші өтеді.
«Дәуір мен дәстүр» атты рухани кездесуде қаламгердің шығармашылық жолы, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрдің қоғамдағы орны туралы тағылымды әңгіме өрбіп, қатысушылар еркін пікір алмасу мүмкіндігіне ие болады.
Кітапхана оқырмандары мен қала тұрғындарын мазмұнды кездесуге қатысуға шақырамыз.
Күні: 16 наурыз
Уақыты: 11:30
Өтетін орны: Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы
19/02/2026
ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКТІҢ 95 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ САҒАТ
Кітапхананың ұйымдастыруымен 20 ақпан күні, сағат 11:00-де, қазақ халқының көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым, өнертанушы Өзбекәлі Жәнібектің 95 жыл толуына орай «Ұлт руханиятының шамшырағы» атты ғылыми-танымдық сағаты өткізіледі.
Іс-шара аясында қатысушылар:
• Ұлтымыздың мәдениетін дамыту жолында өлшеусіз еңбек еткен тұлғаның шығармашылығын кеңінен насихаттайды;
• Жас ұрпаққа тағылымды ой қалдырады;
• Ғылыми көзқарастары мен қоғамдық қызметін тереңірек танысады.
Барлық кітапсүйер қауымды қатысуға шақырамыз!
09/02/2026
ТҮНГІ КІТАПХАНА — ЖЫРҒА ТОЛЫ ТҮН
Қазақ поэзиясының биік шыңы, жыр әлемінің мәңгілік мұзбалағы — Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған тағылымы терең поэзия кешіне шақырамыз.
Бұл кеш — тек өлең оқу емес. Бұл — жүрекпен сырласу, жырмен мұңдасу, ақынның ішкі әлеміне үңілу, өлең арқылы рухты жаңғырту.
Мұқағали жыры — халықтың үні, тағдырдың шындығы, адам жанының тереңі. Сол рухани әлем Түнгі кітапханада қайта жаңғырады.
Кеш барысында ақынның өмір жолы мен шығармашылығы кеңінен таныстырылып, жүрекке жеткен өлеңдері оқылады, поэзия арқылы ұлттық рух асқақтайды.
Өлеңді қадірлейтін, сөздің салмағын сезінетін, рухани әлемін байытқысы келетін барша оқырманды күтеміз.
Өтетін күні: 9 ақпан
Уақыты: 18:00
Өтетін орны: Фараб кітапханасы
Түнгі кітапханада — жыр сөйлейді.
24/11/2025
ТҮНГІ КІТАПХАНА: КҮЗ. ПОЭЗИЯ. МУЗА 🍂
Әдебиеттің алтын дәуіріне саяхатқа шақырамыз!
Өтетін күні: 26 қараша | Уақыты: 16:30
Өтетін орны: Фараб кітапханасы
Сіздерді 60-70 жылдардың поэзия мен романтикаға толы атмосферасына жетелейтін ерекше кеш күтеді.
Бұл – Мұқағали, Фариза, Төлеген жырлаған мөлдір сезім мен мұңлы сырдың кеші.
Кеш барысында:
• 60-70 жылдардың әдеби өміріне саяхат
• Белгілі ақындардың өлеңдері мен шығармалары
• Дос-Мұқасан әндері
• Әдеби перформанс, Муза рухында шабыттандыратын атмосфера
• Қаламгер Сайлаухан Жолановтың «Шағала шабыт – теңіз жыр» атты жаңа жыр жинағының тұсаукесері
• Кітапханадағы ерекше декорациялар мен көрмелер күтеді.
Шабыт пен сағынышқа толы кешті бірге өткізіп, поэзияның сиқырын сезініңіз!✨