01/06/2026
ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН «ШЕКСІЗ ӘЛЕМ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК КЕШІ ӨТТІ
Түркістанда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың қатысуымен «Шексіз әлем» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мазмұнды шараның мақсаты – ерекше балалардың шығармашылық және спорттық жетістіктерін насихаттау, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына қолдау көрсету.
Мерекелік кеш ерекше балалардың қолөнер көрмесімен басталды. Қонақтар жас шеберлердің туындыларын тамашалап, олардың шығармашылық әлеуеті мен өмірге деген құштарлығына тәнті болды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысушыларды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, ерекше балаларға сыйлықтар табыс етті.
– Құрметті балалар! Ардақты ата-аналар! Сіздерді 1 Маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баланың күлкісі мен қуанышынан асқан бақыт жоқ. Бүгінгі кеш қайсарлығымен көпке үлгі болып жүрген ерекше балаларымызға арналған. Сіздердің өмірге деген құштарлықтарыңыз, табандылықтарыңыз бен талпыныстарыңыз бізді әрдайым тәнті етеді. Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар балаларға жан-жақты қолдау көрсетуді басты назарда ұстап келеді. Осы бағытта өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Балалардың сапалы білім алып, ем қабылдап, шығармашылықпен және спортпен айналысуына барлық жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Бүгінде облысымызда оңалту орталықтары мен «Қамқорлық» орталықтары жұмыс істеп, мыңдаған балаға қызмет көрсетуде. Инклюзивті қоғам қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Қымбатты балалар! Әрқайсыларыңыздың армандарыңыз орындалып, биік белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін, – деген Нұралхан Көшеров ерекше балалармен пікір алмасып, суретке түсіп, олардың өнердегі, өмірдегі қадамдарына сәттілік тіледі.
Концерттік бағдарлама барысында өнерлі әрі қайсар балалар ән шырқап, би билеп, мерекенің ажарын аша түсті. Сонымен қатар даун синдромы бар балалардың қатысуымен өткен сән көрсетілімі көрермендердің ерекше қошеметіне ие болды.
09/05/2026
ТҮРКІСТАНДА ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 81 ЖЫЛДЫҒЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістандағы «Жеңіс» саябағы аумағындағы «Даңқ» мемориалдық кешенінде Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Тағылымы мол мерекелік жиынға еңбек және тыл ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, әскери қызметкерлер, жастар және қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты рәсім барысында сұрапыл соғыс жылдарында қаза тапқан боздақтардың рухына бір минут үнсіздік жарияланды. Сондай-ақ «Мәңгілік алау» басына гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылып, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерен ерлігіне тағзым жасалды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті Жеңіс мерекесімен құттықтап, екінші дүниежүзілік соғысындағы халқымыздың, ардагерлеріміздің жанқиярлық ерлігі мен бейбіт өмір жолындағы тарихи еңбегіне тоқталып өтті.
Мерекелік жиын аясында қатысушылар «Даңқ» аллеясын аралап, ерлікпен қаза тапқан батырлардың есімдері қашалған ескерткіштерге тағзым етті. Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, патриоттық әндер шырқалды.
Айта кетейік, Бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының 3 ардагері қалды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдар – 1462, тыл ардагерлері – 2 082.
Қазіргі таңда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері өңірдің үш ауданында, атап айтқанда, Сайрам, Сарыағаш, Жетісай аудандарында тұрады. Оларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Биыл ардагерлерге 5 миллион теңгеден тапсырылды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдарға, тыл ардагерлеріне, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдеріне де заң шеңберінде бірреттік әлеуметтік көмек қарастырылған.
09/05/2026
САЙРАМДАҒЫ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылының тұрғыны, ғасыр жасаған Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмаджан Анартаевқа құрмет көрсетілді.
Ахмаджан Анартаев 1926 жылы 10 қарашада Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Әскер қатарына шақырылғанға дейін «Жұмысшы» ұжымында еңбек етті. 1944 жылғы 5 мамырда Сайрам аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 64-атқыштар полкінде қатардағы жауынгер ретінде қызмет атқарды.
Майдангер Польшаны азат ету жолындағы шайқастарға және Германия аумағындағы ұрыстарға қатысқан. 1949 жылғы 10 сәуірде елге аман-есен оралып, бейбіт өмірде ұзақ жылдар еңбек етті. Зейнеткерлікке шыққанға дейін А.Науаи атындағы ұжымда жүргізуші болып жұмыс істеген.
Ардагер ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және мерейтойлық 8 медальмен марапатталған.
Бүгінде 100 жасқа таяған қария 4 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсіріп, 35 немере, 101 шөбере және 50 шөпшек сүйіп отырған ардақты ата.
Мерекелік шара барысында ардагерге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Дәурен Жұматайұлының, Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиевтің атынан алғыс хаттар табысталды.
Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен 5 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп, арнайы сыйлықтар тарту етілді.
Іс-ара барысында әскери оркестр мерекелік көңіл күй сыйлап, майдангерге ерекше құрмет көрсетті.
Ғасыр жасаған ардагердің өнегелі ғұмыры мен ел үшін еткен еңбегі – кейінгі ұрпаққа тағылым.
Сонымен қатар биыл Қарабұлақ ауылындағы “Ардагерлер саябағы” 9 мамыр мерекесіне орай қайта қалпына келтірілді.
09/05/2026
⚜️ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңіс күнімен құттықтауы
Қымбатты отандастар!
Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін біз майдан даласында Отан үшін от кешіп, ерлік жасаған жауынгерлерге және тылда табанды еңбек еткен ардагерлерге шынайы ризашылық сезіммен тағзым етеміз. Қасіретті жылдардың барлық ауыртпалығын қайыспай көтеріп, Жеңіске жеткен аға буынға айрықша құрмет көрсетеміз.
Еліміз ортақ Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде миллиондаған отандасымыз жанқиярлықпен шайқасты, аянбай жұмыс істеп, әскерді керек-жарақпен қамтамасыз етті.
Жүзден астам жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды, бес жүз адам Батыр атағын алды, ондаған мың азамат жауынгерлік ерлігі және қажырлы еңбегі үшін марапатталды.
Біз аға буынның өшпес даңқын ешқашан ұмытпаймыз. Жаужүрек сардарлар мен сарбаздардың құрметіне мемориалдар орнатылды, кітаптар шығарылып, фильмдер түсірілді, сондай-ақ көшелерге, мектептерге, музейлерге, әуежайларға, әскери бөлімдер мен институттарға ел қорғаған ерлердің есімі беріліп жатыр.
Қаһарман ардагерлеріміздің ерен ерлігінің мән-мағынасын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – бүгінгі буынның қасиетті парызы.
Біз ержүрек майдангерлердің қайтпас қайсарлығы мен асқақ рухының арқасында дербес әрі бейбіт елде өмір сүріп келеміз, сондай-ақ, төл мәдениетімізді дамытып, қазіргі заманның игілігін сезініп отырмыз.
Қазақстанды бүкіл әлем біледі және құрметтейді. Біз жаңа Конституция ережелеріне сәйкес Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз.
Ата заңымыз ешкімді ұлтына, наным-сеніміне қарай бөліп-жармайды, барлық азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бірдей қорғайды.
Ұлы Жеңіс күні – ең алдымен, жауынгерлік ерлігі мен жігерлі еңбегінің арқасында мамыражай заманға жеткізген батырларымыздың есімін ел жадында жаңғырту күні. Бұл – ұлан-асыр тойға емес, мәнді әрі мағыналы ойға шақыратын мереке.
Халқымыздың бейбіт өмірге және өсіп-өркендеуге ұмтылысының айқын көрінісі іспеттес көк байрағымыз әрдайым ашық аспан астында желбіресін!
Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!
t.me/aqorda_resmi
08/05/2026
ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДАҒЫ СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ СОЛДАТЫНА ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ ТАБЫСТАЛДЫ
Жетісай ауданында 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Папков ерекше құрмет көрсетілді. Ғасыр жасаған қарт майдангерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы мерекелік құттықтау хатын аудан әкімі Серік Мамытов салтанатты түрде табыс етті.
101 жастағы майдангерді құттықтау рәсіміне аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық сот төрағасы Ермек Қожамқұлов пен аудан прокуроры Мырзахмет Өтегенов қатысып, ел қорғаған ерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын, бейбіт өмір сыйлаған батырларға құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың парызы екенін атап өтті.
Папков Петр Кузьмич 1925 жылдың 20 маусымында Татарстан Республикасының Максимовка селосында дүниеге келген. Сұрапыл соғыс жылдарында Киев, Бухарест, Венгрия бағытындағы кескілескен шайқастарға қатысып, Отан үшін от кешті. Майдан даласындағы батылдығы мен жанқиярлығы бүгінгі бейбіт өмірдің негізіне айналған ерліктің айқын көрінісі.
Соғыстан кейін, 1950 жылы елге оралған ардагер еңбек майданында да аянбай тер төкті. Трактор тізгіндеп, ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларында ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Ел алдындағы ерен еңбегі үшін «Ұлы Отан соғысы ардагері», «Еңбек ардагері», «Құрмет белгісі» секілді орден-медальдармен марапатталған.
Ардагерге көрсетіліп жатқан құрмет – елдің батырға деген тағзымының белгісі. Айта кетейік, ауданның соңғы майдангеріне 2024 жылы баспана кілті табысталған болатын. Сонымен қатар Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай облыс әкімі Нұралхан Көшеров, аудан әкімі Серік Мамытов пен ҚР Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов тарапынан арнайы мерекелік құттықтаулар жолданып, 5 миллион теңгенің сертификаты мен мерекелік себет тарту етілген болатын.
Бүгінде бір ғасырлық ғұмыр кешкен Петр Кузьмичтің өнегелі өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі. Ерлік пен елдік рухты дәріптеген ардагерлердің есімі халық жадында мәңгі сақталмақ.
08/05/2026
ҚАЗЫҒҰРТТЫҚТАР ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
🔰Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда аянбай еңбек еткен ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
🔰Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы елдің бейбіт өмірі мен бүгінгі тыныштығы жолында өлшеусіз еңбек сіңірген қарияларға құрмет көрсетіп, ізгі тілегін жеткізді.
🔰Алдымен Жаңабазар ауылдық округінің тұрғыны, тыл ардагері Заузат Талипов ақсақалдың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Соғыс жылдарында жастайынан еңбекке араласқан Заузат ата саналы ғұмырын білім саласына арнап, 40 жыл ұстаздық қызмет атқарған қадірлі жан.
🔰Сонымен қатар аудан әкімі Сабыр Рақымов ауылдық округінде тұратын тыл ардагерлері – ұзақ жылдар ұстаздық еткен Саттар Иманбеков ақсақал мен аяулы ана Шырбан Арыстанбекованың үйінде болып, құрмет көрсетті.
🔰Кездесу барысында аудан басшысы тыл ардагерлеріне ел игілігі жолындағы еселі еңбегі мен өскелең ұрпаққа өнеге болар ғибратты ғұмыры үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде қариялар ақ баталарын беріп, ел бірлігі мен тыныштығының баянды болуына тілектестік білдірді.
«Ер есімі – ел есінде» дегендей, тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық ерліктері – кейінгі ұрпаққа үлгі, ел тарихындағы өшпес өнеге.
08/05/2026
САРЫАҒАШТА ҒАСЫР ЖАСАҒАН ҚАҺАРМАНҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
🔰Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Ұлы Отан соғысының ардагері, ғасыр жасаған қария Эрмохан Ишхоновтың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
🔰Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің арнайы құттықтау хаты мен сый-сияпаты табысталып, майдангерге зор құрмет көрсетілді.
🔰Құрметті қонақтарды ақжарқын көңілмен қарсы алған ардагер майдан даласында бастан өткерген ауыр күндерден естелік айтып, сұрапыл соғыс жылдарындағы ерліктері мен қарулас достары туралы сыр шертті. Әңгіме барысында ел тәуелсіздігі мен бейбіт өмірдің қадірін ерекше атап өтіп, жас ұрпаққа амандық пен бірлік тіледі. Сондай-ақ көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
🔰Эрмохан Ишхонов 1923 жылдың 1 қаңтарында Ташкент облысы, Калинин ауданында дүниеге келген. 1942 жылдың 5 мамырында әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына аттанған. Майдандағы ерлігі мен Отан алдындағы адал қызметі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «КСРО Гвардиясы», «1941–1945 жылдардағы Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ «Мінсіз қызмет атқарғаны үшін», «Украинаның 50 жылдығы», «Ерлігі үшін» сынды көптеген медальдармен марапатталған. Бүгінде ардагер 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, 53 немере, 79 шөбере және 19 шөпшек сүйіп отырған абыз ақсақал.
🔰Айта кетейік, Бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының небәрі 3 ардагері қалды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдар – 1 462, тыл ардагерлері – 2 082. Қазіргі таңда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері өңірдің үш ауданында, атап айтқанда, Сайрам, Сарыағаш, Жетісай аудандарында тұрады. Оларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Биыл ардагерлерге 5 миллион теңгеден тапсырылды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдарға, тыл ардагерлеріне, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдеріне де заң шеңберінде бірреттік әлеуметтік көмек қарастырылған.
08/05/2026
ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ МАЙДАНГЕРГЕ МЕРЕКЕЛІК СЫЙ-ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
🔰1418 күн мен түнге созылған қайғы-қасіреті мол, адамзат тарихында ІІ Дүние жүзілік соғыс атауымен таңбаланған сұрапыл соғыста от кешіп, кеудесін оққа төсеген соғыс ардагерлерінің ерліктері ел есінде мәңгіге сақталып қала бермек. Ғасырдан-ғасырға жетерлік ауыр қасірет қалдырған осынау соғыстың зардабын шеккен жетісайлық Петр Папков 1925 жылдың маусымында Татарстан Республикасының Максимовка селосында дүниеге келген. Бүгінде аудандағы көзі тірі жалғыз майдангер.
🔰Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов Ұлы Отан Соғысының соңғы солдатын «7 мамыр – ҚР Отан қорғаушылар күнi» және «9 мамыр – Ұлы Жеңiс күні» мерекелерімен құттықтап, сый-сияпат жасады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен аудан әкімі Серік Мамытовтың, ҚР Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың мерекелік құттықтауларын табыстап, 5 млн теңге қаржының сертификатын, мерекелік себет тарту етті. Иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
🔰1942 жылы әскерге алынған Петр Кузмич 73 гвардиялық армияға түсіп, 105 полк құрамында қызмет еткен. Киев, Бухарест, Венгрия қалаларын азат ету шайқастарына қатысқан, құрылыс батальонында жүргізуші, құрылысшы болған майдангер 1950 жылы әскерден оралған. Қанды қырғынның соңғы нүктесін қойып, елге келгеннен кейін тұралап қалған ауыл шаруашылығы саласында, ауылдарды қалпына келтіру ісінде аянбай еңбек еткен. Трактор тізгіндеп, зейнетке шыққанша адал еңбектің нанымен өніп-өседі. Өз кіндігінен өрбіген 4 қызынан немере-шөбере сүйіп отырған қарт майдангер Ұлы Отан Соғысы мен Еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
06/05/2026
«ШЕКСІЗ МҮМКІНДІК» – ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ МЕН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ТИІМДІ ТЕТІГІ
AMANAT партиясы бастамасымен жүзеге асып жатқан «Шексіз мүмкіндік» жобасы аясында Түркістан облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастарды кәсіптік біліммен қамту және оларды жұмыспен орналастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда.
Кентау қаласында өткен «Кәсіби бағдар беру – мамандық таңдаудағы тиімділік» тақырыбындағы дөңгелек үстелге жергілікті атқарушы органдар, білім беру ұйымдары, кәсіпкерлер және әлеуметтік сала өкілдері қатысты.
Жиында Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Басқарма басшысының орынбасары Самат Байғұтовтың мәліметінше, облыста мүгедектігі бар азаматтардың саны 103 мыңнан асады. 2026 жылы бұл санаттағы азаматтарды қолдауға 17,7 млрд теңге қарастырылған.
Сонымен қатар:
– оңалту құралдарымен қамту көрсеткіші 54,4%-ды құрайды;
– «Қолжетімділік картасы» аясында 3 702 нысанның 2 463-і бейімделген;
– инфрақұрылымды қолжетімді ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Басқарма тарапынан ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік бейімдеу және олардың қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау – негізгі басым бағыттардың бірі.
Жоба аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастарды кәсіптік оқыту және кейіннен жұмысқа орналастыру бойынша нақты тетіктер қарастырылған. Бұл бағытта мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары және жұмыс берушілер арасындағы өзара байланыс нығайтылуда.
Іс-шараға сондай-ақ Түркістан облыстық білім басқармасы, кәсіпкерлер палатасы, жергілікті атқарушы органдар, арнайы колледждер мен жұмыс беруші мекемелер қатысып, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын қорытындысында тараптар арасында ынтымақтастықты арттыруға бағытталған меморандумдарға қол қойылып, ерекше қажеттілігі бар жастарды қолдау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.