10/08/2025
⚜️Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай өтетін салтанатты іс-шараға қатысушыларға арналған құттықтауы
Қадірлі қауым!
Сіздерді Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуымен құттықтаймын!
Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын.
Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті.
Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында.
Бұл өңір – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге әкелген киелі өлке. Мемлекет осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мән береді.
Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық.
Ұлы Абайдың аманатына адал болайық!
t.me/aqorda_resmi
#Абай180
#ЖамбылОблысы
01/07/2025
📣2025 жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына конкурстық өтінімдерді қабылдау басталды
✔️Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Мемлекет басшысы тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру бойынша конкурстың басталғанын жариялайды.
Грант берудің мақсаты - белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жаңа идеялар мен бастамаларды мемлекеттік қолдау.
📌2025 жылы республикалық деңгейде 3 млн. теңгеден 30 грант берілетін болады.
Грантқа 14 жастан бастап 35 жасқа дейінгі (34 жасты қоса алғанда)
Қазақстан Республикасының азаматы үміткер бола алады.
Грант мынадай 6 бағыт бойынша жобаларды іске асыру үшін конкурстық негізде беріледі:
«Ғылым» – жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
«Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
«Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;
«Бизнес» – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
«Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған;
«Волонтерлік» – өзекті, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған волонтерлік жобаларды (бастамаларды)іске асыруға арналған.
Конкурстық өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 16 маусымнан бастап 18 тамыз аралығында (бұл ретте, а.ж. 18 тамыз, сағ.: 24:00-ге дейін) [email protected] электронды поштасы арқылы жүзеге асырылады.
11/06/2025
Жамбыл облысының «Мықты қоғам - Қуатты Қазақстан»
XII Өңірлік Азаматтық форумы өтті
2025 жылдың 10-11 маусым күндері Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде азаматтық сектор қалыптасуының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын азаматтық қоғам өкілдеріне арналған Жамбыл облысының «Мықты қоғам - Қуатты Қазақстан» XII Өңірлік Азаматтық форумы өтті.
Форумның мақсаты – Қазақстанның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының 2-кезеңін іске асыру, мемлекет, азаматтық сектор және бизнес арасындағы әріптестікті нығайту бойынша ұсынымдар әзірлеу үшін қолданыстағы платформаны дамыту.
Форумның алғашқы күні «Инклюзивтілік және теңдік: осал топтардың қоғамдық процестерге қатысуы», «Tomorrow-х мамандықтары: ҮЕҰ-ны еңбек нарығының жаңа сын-қатерлеріне дайындау», «Цифрлық азаматтық белсенділік және оның тұрақты дамуы: ҮЕҰ тиімділігін арттыру үшін big Data және жасанды интеллект құралдарын пайдалану» тақырыптарында секциялық отырыстары ұйымдастырылады.
Бүгін Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының 2-кезеңін іске асыру бойынша ұсынымдар әзірлеуге арналған конференция, Жамбыл облысының «Мықты қоғам - Қуатты Қазақстан» XII Өңірлік Азаматтық форумының пленарлық отырысы өтті.
Отырыста облыс әкімінің орынбасары С. Сәлемов, Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Б. Нұрғазиева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Л. Шыңғысбаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Г. Сұлтанова баяндама жасап, өзекті мәселелерге тоқталды.
Форум барысында облыстың әлеуметтік-экомикалық дамуына үлес қосқан азаматтық қоғам өкілдері облыс әкімінің және қазақстанның Азаматтық Альянсының Құрмет және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ, облыста әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысып жүрген үздік әлеуметтік жобалар аясында бірқатар үкіметтік емес ұйымдарының өкілдеріне сертификаттар табысталды.
28/05/2025
ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІНЕ ІРІКТЕУ ТҮСІНДІРІЛДІ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов Жамбыл облысы әкімдігінің ақпараттандыру және қоғамдық даму басқармасы мен оған қарасты ұйымдардың қызметкерлері және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамындағы бірлестіктердің өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің талаптары мен заңдылықтары жан-жақты түсіндірілді.
Жоба — жас мамандар үшін кәсіби дамуға арналған нақты мүмкіндік екені атап өтілді.
—
Іріктеу мерзімі:
2025 жылғы 1–30 маусым pkrezerv.gov.kz – сайтында өтінім онлайн қабылданады
Іріктеуге қойылатын талаптар:
ҚР азаматы
35 жасқа дейін
Жоғары білім
Кемінде 5 жыл жалпы еңбек өтілі
Мемлекеттік тілді B1 деңгейінен төмен емес меңгеруі
—
Кездесу соңында қызығушылық танытқан қатысушылардың сұрақтарына нақты жауаптар берілді.
Президенттік жастар кадр резерві — мемлекетті басқаруға жаңа буынды тартудың ашық әрі әділ құралы.
21/05/2025
Жамбыл облысында жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен 1-10 сынып оқушыларының 88,5 пайызы, яғни әлеуметтік осал санаттағы 7 469 баланы қоса алғанда, шамамен 192 867 оқушы қамтылады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтты.
Басқосу барысында Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық және оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары талқыланды.
Жамбыл облысында 2024–2025 оқу жылы 23 мамырда аяқталады.
Биыл 523 орта білім беру ұйымын 247 422 оқушы аяқтайды. Оның ішінде 23 462 бала 9-сыныпты, 14 570 жасөспірім 11-сыныпты бітіргелі отыр.
714 жас түлек «Алтын белгі» төсбелгісіне (2024 ж. - 388), 990 мектеп бітіруші үздік аттестатқа (2024 ж. - 809) үміткер.
Облыс аумағында екі Ұлттық бірыңғай тестілеу пункті жұмыс істейді. 11 сыныпты тәмамдайтын 14 570 түлектің 12 091-і ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірді.
Басқарма басшысы баяндамасында оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары туралы да сөз қозғады.
Жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен 1-10 сынып оқушыларының 88,5 пайызы, яғни 192 867 бала қамтылады деп күтілуде.
Бүгінде 7 сауықтыру лагерлері мен орталықтары балаларды қабылдау бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Ал 407 мектеп жанындағы лагерге 2 маусымнан бастап 33 607 бала барады деп жоспарланған.
Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорының демеушілік есебінен 593 бала қала сыртындағы лагерлерде, 1300-ден астам оқушы еліміздің басқа өңірлеріндегі орталықтарда жазғы демалысын өткізеді.
Республикалық және облыстық деңгейдегі түрлі байқаулар мен жарыстарда жеңіске жеткен 295 оқушы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 20 бала Алматы қаласындағы «Бөбек» сауықтыру орталығына жолдама алады.
Облыс әкімі балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау – аса маңызды міндеттердің бірі екенін баса айтып, ең әуелі қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлу қажеттігін ескертті.
05/09/2024
Ағымдағы жылдың 5 қыркүйегінде Тараз қаласындағы Достық үйінде этномәдени бірлестік өкілдері төрағалары және облыстық, қалалық мәслихат депутаттарының, кәсіпкерлердің, қоғам белсенділерінің қатысуымен Қ.К. Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мәселелерді түсіндіру мақсатында жиын өтті.
17/08/2024
🔰 Журналист, архивист М. Рысдәулеттің 75 жылдығына арналған «Мақұлбек Рысдәулет – қарымды қаламгер, тағылымды тарихшы, өрелі өлкетанушы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
⚜️ Тараз қаласы «Достық» үйінде журналист, архивист М.Рысдәулеттің 75 жылдығына арналған «Мақұлбек Рысдәулет – қарымды қаламгер, тағылымды тарихшы, өрелі өлкетанушы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері М. Төлепберген жүргізіп отырды.
Конференцияны Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ұ.Сламбекова құттықтау сөзбен ашты. Сондай-ақ, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты ДТұрлыбек, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы С.Құлбарақ, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Х. Есаман, Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Ж. Есентаева қаламгердің қаламгерлік, тарихшы және өлкетанушылық қырларына тоқталды.
Сондай-ақ, жазушы-драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Е. Әлімжан, жазушы, публицист Т. Айтбайұлы, жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері К. Сәттібайұлы, «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның Жамбыл өндірістік филиалының директоры Б. Көпбосынов М. Рысдәулет туралы естеліктерімен бөлісті.
Іс-шара соңында М. Рысдәулеттің замандас достары, көз көрген азаматтардың еске алу мақалалары, портреттік сипаттағы материалдары, сонымен қатар, өмірінің соңғы жылдары жариялаған сұхбаттары, жинақтарға енбеген өлкетану бағытындағы ізденіс мақалалары, ойтүкпіріндегі жарияланбай қалған толғаныстары мен «Бұрқасын» әңгімелер жинағы жинақталған «Өрелі сөзді өрнектеген Мақұлбек Рысдәулет» атты кітабының тұсауы кесілді.
Сонымен қатар, шара қатысушылары М.Рысдәулеттің шығармашылығына арналған тақырыптық көрмені тамашалады.
15/07/2024
🔰Облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздерін насихаттау және патриотизмді дәріптеу мақсатында облыстағы түрлі этнос жастары арасында патриоттық өлеңдер оқудан (онлайн) байқау жарияланады.
⚜️ Байқаудың мақсаты – ҚР Мемлекеттік Рәміздерін насихаттау, патриотимзді арттыру.
Байқаудың міндеті – облыстағы түрлі этнос жастарын тарта отырып, ҚР Мемлекеттік Рәміздеріне деген құрмет сезімін қалыптастыру.
ІІ. Байқауға қатысу мерзімі мен шарттары:
⚜️ Байқауда қатысушылар тарапынан оқылатын туындылар ҚР Мемлекеттік Рәміздері және туған жер, Отан тақырыптарында мемлекеттік тілде болуы қажет.
⚜️ Байқау барысында еліміздің ақындарының жеке туындылары, сондай-ақ шығармаларынан үзінділер оқуға болады.
⚜️ Байқауға облыстағы 15-22 жастағы түрлі этнос жастары қатыса алады.
⚜️ Байқау 2024 жылғы 22 шілде - 10 тамыз аралығында өткізіледі.
Байланыс телефоны: 8771 157 6701, 8702 914 55 93
ІІІ. Байқау қатысушыларына қойылатын талаптар:
⚜️ Байқау қатысушысы өлеңді мәнерлеп оқып, бейнесін (видеосын) өзінің жеке әлеуметтік желі парақшасында жариялайды.
⚜️ Бейне (видео) барысында қатысушының аты-жөні, оқитын шығармасының авторы және тақырыбы айтылуы қажет.
⚜️ Бейненің (видеоның) ұзақтығы – 1 минуттан аспау қажет. ⚜️ Орындау кезінде музыкалық қолдау, декорациялар, костюмдер қолдануға болады.
⚜️ Бейнені жариялау барысында «Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы» фейсбук және инстаграм желісінің ресми аккаунты белгіленуі қажет, сондай-ақ атты хэштегпен жариялануы тиіс.
Бағалау барысында төмендегі талаптар ескеріледі:
• таңдалған материалдың байқау тақырыбына сәйкестігі;
• аты-жөнінің, автор мен туынды атауының айтылуы;
• шығарма мәнерлеп оқу, мәтінді жатқа білуі және дұрыс айтуы;
• бейненің (видеоның) эстетикалық сипаты.